Биыл Қызылордада 10 ірі инвестициялық жоба іске қосылады
Қызылорда облысында бүгінге дейін қытайлық инвесторлардың қатысуымен екі ірі зауыт іске қосылған. Бұл ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы бойынша Үкімет отырысында белгілі болды, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Үкімет отырысына облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев селекторлық режимде қатысып, баяндама жасаған болатын.
«Қытай Халық Республикасы – Қызылорда облысының ең ірі сауда серіктесі. Өткен жылдың қорытындысымен өзара тауар айналымының көлемі 489 млн. АҚШ долларына жетті. Аймақта қытайлық инвесторлардың қатысуымен 2 ірі зауыт іске қосылған. Олар – жылына 1 млн. тонна цемент өндіретін және 197 мың тонна шыны өндіретін зауыттар.
Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, биылғы ақпан айында облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Қытайдың 4 өңіріне іссапармен барып, 34 компания басшысымен келіссөздер жүргізді. Іссапар аясында ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларына озық технологияларды енгізу бойынша құны 10,8 млрд. теңге болатын 9 келісім-шартқа қол қойылды.
Биыл Қытай технологиясын пайдаланатын 10 инвестициялық жоба іске қосылып, 397 жұмыс орны ашылмақ. Атап айтқанда, кірпіш зауыты, қағаз және картон шығару, айна өндірісі, жалпы қуаттылығы 90 мегаваттық 3 күн-электр станциясы. Сондай-ақ, нан-тоқаш, кондитерлік және макарон, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ, күріш және ас тұзын өндіру зауыттары.
Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өнімдер қытайлық компаниямен жасалған оффтейк келісіміне сәйкес 100 пайыз Қытайға экспортталады. Бұдан бөлек, Қытай технологиясымен жұмыс жасайтын цемент зауытының жобалау жұмыстары басталды», деді өз сөзінде А. Зебешев.
Тағы бір жаңалық, Астана қаласында өткен «Орталық Азия – Қытай» форумы аясында құрылыс индустриясы, су үнемдеу, ауыл шаруашылығы және машина жасау салаларында 4 меморандумға қол қойылды. Бұлар Үкіметтің тікелей қолдауымен құрылған «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылмақ.