Қызылордада барлық демалыс орындары қайта жаңартылуда
Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен Қызылорда қаласы уақыт өткен сайын даму үстінде. Мұнда кейінгі уақытта құрылыс көбейіп, инфрақұрылым жүргізуде сәтті жобалар іске асуда. Сырдың бас шаһарының сәулеттік келбеті күннен күнге артып, жергілікті билік тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуда жүйелі жұмыстарды қолға алған.
Деректерде Қызылорда қаласында 42 демалыс саябағы мен сквер-аллея бары айтылады. Бүгінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың күш салуымен бұлардың барлығы қайта жаңартылып жатыр. Басты мақсат – қала тұрғындарынан бөлек, Қызылордаға келуші қонақтар мен туристерге қолайлы демалыс орындарын ұсыну. Айталық, жақында ғана қайта жаңғыртудан өткен қалалық мәдени және демалыс паркі заманауи архитектуралық үлгімен безендіріліп, жаңа субұрқақтар, амфитеатр, скейтпарк, балалар мен ересектерге арналған ойын алаңдарымен толықты.
Тағы бір тұрғындарды қуантқан жаңалық – орталықтағы басты алаң мен бірқатар скверлер де заманауи талаптарға сай қайта жаңарды. Құрылысшылар онда жаңа жарық шамдар, сәндік гүлзар, субұрқақтар мен жайлы орындықтар орнатып берген.
Аталған демалыс орындарынан бөлек, жұртшылық көп серуендейтін ҚР Тұңғыш Президенті паркі, Б. Шөкенов атындағы саябақ және Қорқыт Ата мемориалдық ескерткіш кешені саябағы қайта жаңғыртылып жатыр.
Ал бұрын көлік ағынына таршылық еткен «Тәуелсіздікке – 25 жыл» даңғылы толық жаңғыртудан өтті. Аталған көше екі жолақтыдан төрт жолақтыға кеңейтілді. Ұзындығы 7 шақырым болатын көше бойына жоспарлы түрде жарық бағандары, аялдамалар, веложолақтар және жаяу жүргіншілер жолы салынған.
Сырдың бас шаһары – Қызылорда қаласында бұдан бөлек, толайым жаңалық көп. Шаһарда түрғын үйлер көптеп салынып, әлеуметтік ғимараттар құрылысы тоқтаусыз жүруде.
Фото: Бағдат ЕСЖАНОВ