Қызылорда: Арнайы экономикалық аймақтың берері көп
Жалпы экономикасы озық елдердің көпшілігі даму үрдісін көп жағдайда инвестиция тарту арқылы ілгерілетіп келеді. Яғни арнайы экономикалық аймақ құрып, өз мүмкіндіктерін тиімді пайдаға асыруда. Ал бұл институт Қазақстанда да өз хал-қадірінше дамуда. Қазақстанның басты даму басымдықтарының бірі – өнеркәсіптік кластерлер мен логистикалық инфрақұрылымды дамыту екенін ескерсек, бұл бағыт Мемлекет басшысының Жолдауында да анық айтылған.
«Қорқыт ата» АЭА қалай құрылды?
Тақырыпқа орай айтсақ, бұл бағытта Қызылорда облысы да өзінің экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану жолында жоспарлы әрі жүйелі жұмыстарды қолға алған. Аталған облыстың тиімді көлік қатынастары, теміржол желісі, халықаралық әуежай және республикалық маңызы бар автожолдар торабында орналасуын ескерсек, оның болашақта елдің жетекші логистикалық әрі индустриялық хабына айналуына мүмкіндігі зор.
Бұл мүмкіндікті Қызылорда облысы қалай пайдалануда? Айталық, 2024 жылы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы құрылды. Сол арқлы Қызылорда қаласында жаңа «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағын құру бағытында орталық мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс басталды. Артынша өңірде ғана емес, Қазақстанда тағы бір маңызды стратегиялық бастама жүзеге асты. Яғни Үкіметтің 2025 жылғы 14 мамырдағы қаулысымен Қызылорда облысында «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) құрылды.
АЭА Қызылорда қаласындағы жаңа халықаралық әуежай терминалына іргелес орналасып, жалпы аумағы 550 гектарды қамтыды. Оның құрылымы үш негізгі кластерге бөлінді. Біріншісі – авиацияға қызмет көрсету – 50 гектар, екіншісі – көтерме-бөлшек сауда және қоймалау – 100 гектар, ал соңғысы – өнеркәсіптік аймақ – 400 гектар.
Сарапшылардың пікірінше, Қызылордадағы АЭА географиялық тұрғыда тиімді орналасқан. Оның «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне жақын орналасуы логистикалық және транзиттік әлеуетті арттыруға жол ашпақ.
«Қорқыт Ата» АЭА қатысушыларына ҚР заңнамасына сәйкес бірқатар салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынылады. Әлеуетті инвесторлар үшін жеңілдіктер мен преференциялар көзделген. Яғни корпоративтік табыс салығынан (КТС) босату, АЭА аумағына өткізілетін тауарларға қосылған құн салығынан босату, кедендік баждардан босату, жер және мүлік салығынан, жер учаскесін пайдаланғаны үшін төлемақыдан босату, квоталардан тыс және рұқсатсыз шетелдік жұмыс күшін тарту сияқты жеңілдіктер қарастырылған. Бұдан бөлек, мемлекет жобаларды іске асыру үшін аймақты қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп, кейіннен сатып алудың құқығымен жер учаскесін тегін жалға береді», дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Дәурен Әбілқайыров.
Оның сөзінше, «Қорқыт Ата» АЭА-ның басты мақсаты – өңірге отандық және шетелдік инвестицияларды тарту, кәсіпкерлік пен өндірісті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, Қызылорда облысының өнеркәсіптік және экспорттық әлеуетін көтеру.
Өңірге пайдасы ұшан-теңіз
2049 жылға дейін осы аймаққа 150 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту көзделсе, оның ішінде 80 млрд теңгесі шетелдік капитал болмақ. Жалпы өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтер көлемі 500 млрд теңгеге жетеді деп жоспарланған. Қазақстандық қамту үлесі 90%-ға дейін жетеді. Ал алдағы 25 жылда 3 366 жаңа жұмыс орны ашылып, 39 қатысушы компания тіркелмек.
Екіншіден, мақұлданған 28 экономикалық қызмет түрі (ОКЭД) аясында келесі бағыттар бойынша жобалар жүзеге асады: жүк авиатасымалы, қоймалау және логистика, құрылыс индустриясы (шыныпластик арматура, полимерлі құбырлар, фиброцемент және газобетон өнімдері), жеңіл өнеркәсіп (жүн және тері өңдеу, тоқыма және киім өндірісі), машина жасау және ауылшаруашылық техникасы өндірісі, инновациялық және жоғары технологиялық жобалар.
«АЭА Қызылордада жаңадан ашылған халықаралық әуежай терминалы жанынан салынады. Оның аумағы бірнеше жүз гектарды құрайды. Арнайы өндірістік аймақ қоршалады, онда үлкен-үлкен терминалдар салынады, қоймалар болады. Оған өзімізден де, шетелден де инвесторлар тартылып, оларға салық түрлері мен кедендік жеңілдіктер жасалады. Мәселен, жалға алу құны төмен болуы не одан мүлдем босатылуы мүмкін. Қысқасы, кәсіпкерлерге көптеген жеңілдік бар. Бұл мүмкіндік тауардың өзіндік құнына айтарлықтай әсер етеді. Бизнес дамыса, жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз. Бұл өз кезегінде халықтың тұрмыс деңгейінің жақсаруына әкеледі. Өз басым арнайы экономикалық аймақ өңірдің дамуына тың серпін береді деп ойлаймын», дейді қаржыгер Қалқазбек Әжібеков.
Басқа мамандардың да пікірі осыған саяды. Олар «Қорқыт Ата» АЭА Қызылорда облысының мұнайға тәуелді экономикасын әртараптандырып, туристік әлеует пен заманауи инфрақұрылымды дамытып, өндіріс, логистика және сауда бағыттарын кеңейтетінін айтуда. Сондай-ақ Сыр өңірінен басталған бастама еліміздегі арнайы экономикалық аймақтар институтын жандандырып, өңірлік дамуға жаңа деп береді деп күтілуде.
Инфографика: Қызылорда облысы әкімдігі