Ұлттық Урбан форуымы — 2025: Қызылорда диалог алаңына айналмақ
Алдағы аптада Қызылорда қаласы еліміздің ұлттық урбанистік диалогының алаңына айналады, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ — ақпараттық сайты.
Алдағы 8 шілде күні Қазақстандағы тұңғыш Ұлттық Урбан форумы аталған өңірде өтпек. Шараны өткізуде Қызылорда облысының әкімдігіне UN-Habitat, Индустрия және құрылыс, Экология және табиғи ресурстар, Сыртқы істер министрліктері қолдау көрсетіп, серіктес болып отыр.
Форумға мемлекеттік құрылымдар, халықаралық ұйымдар, сарапшылар, бизнес пен азаматтық қоғам өкілдері қатысады.
Басты тақырыбы – «Өңірлерден басталатын кешенді қалалық жаңғыру: Қазақстанда теңгерімді, инклюзивті және климатқа төзімді қалалар қалыптастыру».
Бұл – кең ауқымды, биік мақсаттарды көздейтін күн тәртібі. Форумда климаттық бейімделу, жастардың қатысуы, мәдени мұра, қала мен ауыл арасындағы байланыс, қалалық экономика және урбанистік жобаларды қаржыландыру мәселелері қозғалады.
Биылғы Ұлттық Урбан форумның Қызылордада өтуінде терең мән бар. Өйткені бұл қала бүгінде өңірлік көшбасшылық пен орнықты өзгерістердің символына айналды.
«Қызылорда – ұлттық күн тәртібінің бір бөлігіне айналып келе жатқан, жергілікті бастамалар шоғырланған стратегиялық маңызды қала. Дәл осы жерде теңгерімді, инклюзивті әрі климатқа төзімді дамудың жаңа көзқарасы қалыптасуда» дейді ұйымдастырушылар.
Қызылорданың форум алаңы ретінде таңдалуы бекер емес, бұл ел болашағында ірі емес, өңірлік қалалардың орнын жаңаша пайымдайтын кезең келгенін айғақтайды. Форум «Қалалық болашақ өңірлерден басталады» деген ұранмен өтеді. Бұл ұранның да астарында терең мән бар. Тұрақты даму мегаполистермен шектеліп қалмай, бүкіл Қазақстанды қамтуы тиіс деген ойдан туындаған.
Форумда жаңа қалалық күн тәртібі (New Urban Agenda) мен тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) ілгерілету, өңірлік орталықтардың тұрақты дамудағы стратегиялық рөлін арттыру, қалалық болмыс пен аумақтық ерекшелікті ескеретін тәсілдер, тұрғын үй, инфрақұрылым және климатқа бейімділік бойынша шешімдер, қалалық деректерді жинау, цифрландыру және оны тиімді жоспарлауда пайдалану мәселелері талқыланады.
Аталған іс-шара халықаралық сипатқа ие. Қала құрылымы мен цифрландыру саласындағы үздік мамандар өздерімен бірге нақты әрі сәтті іске асқан кейстерді ала келеді.
Пленарлық және тақырыптық сессияларда UN-Habitat, БҰҰ ДБ өкілдері, халықаралық сарапшылар, архитекторлар, урбанистер, зерттеушілер және технологиялық компаниялар қызметкерлері өз тәжірибелерін бөліседі.