«10 мың орын»: Ақтауда жаңадан салынатын стадионға жанкүйерлер сыя ма?
Ақпарат беттерінде Ақтауда 10 мың орынға лайықталған жаңа стадион салынатыны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл ақпаратты Маңғыстау облысының әкімдігі де растап, ресми сайтында тиісті деректерді жария етті. Белгілі болғандай Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен Ақтау қаласында салынатын жаңа стадионның тұжырымдамасы талқыланған көрінеді.
Аталған жиында «Қазақ энергетика және байланыс ғылыми-зерттеу жобалау институты» ЖШС өкілдері жобаны таныстырған. Жоспар бойынша Ақтауда 10000 көрерменге арналған көпфункционалды стадион бой көтереді екен. Жаңа спорт нысаны заманауи талаптарға сай салынып, футбол академиясымен жабдықталады. Мұнда спортшыларға қажетті барлық жағдай жасалып, оқу-жаттығу алаңдары, киім ауыстыратын бөлмелер, медициналық пункт пен жаттығу залдары қарастырылмақ.
Сондай-ақ, жобалау жұмыстары келесі жылы толық аяқталып, құрылыс кезеңіне өту жоспарланып отыр.
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі