«Теріні де, жүнді де далаға тастауға болмайды» — министр
Бұл туралы Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша баспасөз конференциясында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Жүн қабылдаумен біз атаған 15 кәсіпорыннан басқа компаниялар да айналысуға ниет танытып отыр. Жүн мен тері өңдейтін жаңа кәсіпорындар ашылғанша экспортқа рұқсат беріп отырмыз. Оның үстіне халықтан тері жинайтын кәсіпорындарға субсидия береміз. Сондықтан халыққа айтатынымыз, теріні де, жүнді де далаға тастауға болмайды», — дейді ол Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Министр әр облыстың әкімдіктеріне тапсырма берілгенін еске салды.
«Әр ауданда сервистік дайындау орталығын ашып, тері мен жүнді халықтан жинап, өңірлік әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация арқылы өңдеуші зауыттарға өткізуге болады. Теріні зауытқа өткізген адамның шаруа қожалығы немесе фермерлік қожалығы болса, сол реквизиттері арқылы субсидия төленеді», — деді министр.
Ауыл шаруашылығы министрі неге бұған дейін тері мен жүнді өткізу жұмыстары сәтсіз болғанын түсіндірді.
«Тері мен жүн мәселесінде қиын жағдай болды ғой. Өздеріңіз білесіздер, кедендік баж кіргізгеннің салдарынан көптеген экспорттаушы компанияның жұмысы тоқтап қалған. Пайда болмағандықтан солай болды. Ал өзіміздегі тері мен жүн өңдейтін компаниялар баж тетігін пайдаланып, жұмысын жандандыра алмады. Өйткені ондай мұршалары да жоқ. Өңдеу саласында жаңа кәсіпорындар салуға тырысып жатқанымызды баяндамамда айттым. Тамыз айында Ақтөбе облысында жүн өңдейтін кәсіпорын ашылады. Ол жүннің қарасы болсын, ағы болсын, сарысы болсын, өңдеп материал шығара алады», — дейді Сапаров.
Фото: freepik