Қызылорда: Жолаушыларды тасымалдауда қызмет сапасы артты
Облыс аумағында тұрғындардың аудан және облыс орталығына қатынауын қамтамасыз ету, көлік қатынасын жүйелеу мақсатында жолаушылар тасымалы бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Қазіргі таңда елді мекендер арасындағы тұрақты қатынас жолға қойылып, халыққа қолайлы көлік қызметі ұсынылуда. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов айтып берді.

– Қазіргі уақытта облыста 200-ден астам тұрақты жолаушылар бағыты ұйымдастырылған. Оның ішінде ауданаралық, ауданішілік, қалаішілік және қала маңына қатынайтын бағыттар бар. Сонымен қатар, еліміздің ірі қалаларына және Ташкентке дейін қатынайтын облысаралық және халықаралық бағыттар да халыққа тұрақты қызмет көрсетіп отыр. Жолаушыларды тасымалдау қызметін 30-дан астам жеке және заңды тұлғалар жүзеге асыруда. Автопарктерде әртүрлі сыйымдылықтағы автобустар бар. Жыл басынан бері тасымалданған жолаушылар саны артты. Бұл тұрғындардың қоғамдық көлікке деген сұранысының жоғары екенін білдіреді. Сондай-ақ, Қызылорда қаласы мен аудан орталықтарында орналасқан автовокзалдар мен автостансалар арқылы халыққа тұрақты қызмет көрсетілуде. Алдағы уақытта бағыттардың қолжетімділігін арттырып, жолаушыларға жайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасады, – дейді басқарма басшысы.
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі












