Comic Con Astana-2025 үшінші күні бас сахнада Голливуд актері, жекпе-жек шебері Скотт Эдкинс жанкүйерлерімен кездесті.

Голливуд жұлдыздары, атақты косплейерлер, миллионнан астам оқырмандары бар блогерлер, бейне ойындар, манга, комикстер және т.б. – осының бәрінің арқасында Comic Con Astana-2025 түрлі елдерден келген әртүрлі жастағы адамдардың басын қосқан ортаға айналды. Алғашқы екі күннің өзінде фестивальдің екі алаңына 29 000-ға жуық адам келді. Үшінші күннің жұлдызды қонағы Голливуд актері Скотт Эдкинс болды.

Скотт Эдкинсті жанкүйерлер «Неоспоримый» фильмдер сериясындағы Юрий Бойко рөлі, сондай-ақ «Джон Уик 4», «Доктор Стрэндж», «Ип Ман 4» фильмдеріндегі рөлдері арқылы біледі.

Жанкүйерлерімен кездесуде ол бірінші кезекте Астанадағы Comic Con фестивалінің басқа елдердегі осындай іс-шаралармен салыстырғанда тамаша ұйымдастырылып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар ол Астана туралы да жылы пікір білдірді:

«Қала өте әдемі. Маған көрікті жерлер, музейлерді көрсетіп, шағын тур ұйымдастырды, сосын мейрамханаға бардық. Мұндағы тағамдар да өте дәмді. Маған сондай-ақ адамдардың мені қалай қарсы алғаны қатты ұнады».

Жанкүйерлер актерден сүйікті фильмдері мен комикстері туралы, ол сомдаған және сомдағысы келетін кейіпкерлер туралы сұрады. Актер «Неоспоримый» фильміндегі Юрий Бойко рөліне ерекше назар аударды және бұл рөлді Скотт Эдкинс үшін «Кино әлеміне жол ашқан кейіпкер» деп атады.

«Мен Астанаға ұшып келгенде, әуежайда соққының күшін анықтайтын аппарат болды. Ал құрылғының жан-жағында Юрий Бойконың суреті жапсырылған екен. Мен бұл суреттерді көріп: «Құдайым-ау, бұл мен ғой!» дедім. Шынымды айтсам, Бойко тек зұлым адам ғана емес, ол ардың адамы. Мен оны мықты күрескер ретінде көрсетіп қана қоймай, оның мінезін толық ашып көрсетуге тырыстым», – деп атап өтті Скотт Эдкинс.

Биыл Comic Con Astana алғаш рет 9-13 шілде аралығында 5 күн бойы екі алаңда: «Астана Арена» және «Барыс Аренада» өтіп жатыр.

Фестивальге 75000-нан астам қонақ келеді деп күтілуде, оның ішінде 10 000 келуші шетелдік туристер.

Comic Con Astana-2025 Астана әкімдігі мен «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының қолдауымен өтуде.

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *