Қазақстандықтар қоқыс өткізіп, табыс таба алады
Енді қазақстандықтар тұрмыстық қалдықтарды өткізудің жаңа әрі тиімді жолын пайдалана алады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
«Жасыл даму» АҚ іске қосқан EcoQolday мобильді қосымшасы арқылы кез келген адамның қағаз, шыны, пластик секілді қалдықтарды қайта өңдеуге өткізіп, ақша табуына мүмкіндік бар.
Қандай қалдықтарды тапсыруға болады?
Қосымша арқылы жеке тұлғалар да, кәсіпкерлер де төмендегі материалдарды өткізе алады:
- қағаз бен картон;
- шыны бөтелкелер мен ыдыстар;
- пластик қаптамалар мен пленка;
- автокөлік шиналары (жеңіл және жүк көліктеріне арналған).
Қалдық үшін қанша төленеді?
EcoQolday жүйесінде әртүрлі қалдық түрлеріне төленетін ақы мөлшері:
- қағаз – 1 кг үшін 45,61 теңге;
- шыны – 1 кг үшін 57,25 теңге;
- пластик – 1 кг үшін 71,76 теңге;
- шиналар – 1 кг үшін 53,08 теңге.
Қосымшаны қалай пайдалануға болады?
- EcoQolday қосымшасын жүктеп алып, тіркеліңіз;
- Қалдық тапсыруға өтінім қалдырыңыз;
- Жинаушылардан ұсыныстар күтіңіз;
- Келісім жасап, қалдықты тапсырыңыз.
Қосымша Google Play мен App Store дүкендерінде қолжетімді.
Бұл – Орталық Азияда теңдесі жоқ экологиялық жоба
Экология министрлігінің мәліметінше, EcoQolday — өңірдегі баламасы жоқ экожоба. Ол Қазақстанда қалдықтарды кәдеге жарату ісін жүйелі жолға қоюға ықпал етеді.
Қазіргі таңда бұл жүйемен 64 компания, 38 қалдық жинаушы, 17 қайта өңдеу кәсіпорны, 9 толық өндірістік циклді мекеме жұмыс істеп жатыр.
Фото: Ашық дереккөз