Қызылордада жүгеріні терең өңдеу мәселесі талқыланды
Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Жаркент крахмал-сірне зауыты» компаниясының құрылтайшысы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Закиржан Кузиевпен кездесті. Кездесуде Сыр өңірінде жүгері дақылын терең өңдеу мәселесі талқыланды, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
– Өткен аптада Жаркент қаласына арнайы жұмыс сапарымен барып, зауыт жұмысымен таныстық. Кәсіпорынның негізгі өндірістік алаңдарын аралап, жүгеріден крахмал мен сірне өндіру технологиясын көрдік.
Қызылорданың агро-индустриалдық өңір екендігін ескеріп, осындай өндіріс орнын облыста ашуды ұсынамыз. Бұл мақсатта Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандарынан егістік алқабына жақын жерден зауытты орналастыруға қолайлы, белгіленген жер учаскелерімен танысып келдіңіздер.
Арнайы топ жасақталып, инженерлік инфрақұрылымға, теміржолға, экологиялық, санитарлық мәселелерге қатысты, тағы да басқа сұрақтарға жауап алдыңыздар.
Біз әрбір инвесторға қолданыстағы заңнама аясында жер телімін беруге, даму институттары арқылы қаржыландыру құжаттарын рәсімдеуге және әкімшілік қолдау көрсету бойынша толық сүйемелдеуге әзірміз, – деді облыс әкімі.
Өз кезегінде Закиржан Кузиев бұл бастамаға қолдау білдіріп, бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
Айта кетейік, өңірде 286 мың гектар суармалы жер бар, оның 178,6 мың гектары инженерлік жүйеге келтірілген ауыспалы егіс алқаптары. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнім көлемін екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, облыста суды аз қажет ететін дақылдардың көлемі ұлғайып келеді. Мәселен, биыл жүгері 2 490 гектарға егіліп, өткен жылмен салыстырғанда 415 гектарға артқан.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі