Астанада өңірлік ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің маусымы басталады
Алғашқы жәрмеңке 30 тамыз күні өтеді. Онда Түркістан облысының шаруалары өз өнімдерін елорда тұрғындарына ұсынады. Іс-шара барысында ет, балық, сүт, бакалея өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидек сынды әртүрлі тауарлар фермерлерден тікелей сатылымға шығарылады. Бұл азық-түлік қолжетімділігін арттырып қана қоймай, отандық өндірушілерді қолдауға да ықпал етеді.
«Түркістан облысының ауыл шаруашылық тауар өндірушілері Астанаға 600 тоннадан астам өнім әкеледі. Оның ішінде: 200 тонна көкөніс, 100 тонна ет пен ет өнімдері, 100 тонна сүт өнімдері, 80 тонна бақша дақылдары, 50 тонна жеміс-жидек, 19 тонна балық, 12 мың дана жұмыртқа және 60 тоннадан астам басқа да азық-түлік өнімдері бар. Жәрмеңке аясында концерттік бағдарлама да ұйымдастырылады»,- делінген хабарламада.
Айта кету керек, биыл жәрмеңке «Қазанат» ипподромының автотұрағында (Қарқаралы тас жолы, 1) өтеді. Тұрғындар мен қонақтардың қолайлы келіп-кетуі үшін жәрмеңке күндері №18, 37 және 303 бағыттағы автобустар қатынайды.
Ауыл шаруашылық жәрмеңкесі сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.
Фото: Астана қаласы әкімдігі