Қызылорда: Қазалы қаласындағы көшелер жөнделуде.
Қызылордадағы Қазалы ауданының іргесіндегі тарихи қала — Қазалы қаласында көптеген инфраұрылымдық жобалар іске асуда, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Жақында сайланған аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Қазалы қаласын аралап, ондағы бірқатар әлеуметтік нысандар мен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан көшелерді және қаланың санитарлық-тазалығын көрді.
Аудан басшысы алдымен Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі мен Ғанибай үйін көрді. Қазалы қаласындағы республикалық санаттағы архитектуралық ескерткіштердің бірі – Ғанибай үйі. Халық арасында «Керуен сарайы» аталып кеткен бұл ғимаратқа реставрация жұмыстары жүргізіліп, қайта қалпына келтірілген болатын. Аудан әкімі тарихы маңызы жоғары мұндай ғимаратты күтіп ұстау жөнінде тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Мұнан кейін Қазалы қаласындағы қайта жаңғырту жүргізіліп жатқан Ерлепесов, Мергенбаев, Уалиханов, Рахашұлы, Әйтеке би, Жалаңтөс батыр, Хегай Гер Сек, Бәкішев, Ж.Жабаев және Жақаев сынды 10 көшенің құрылыс жұмыстарын көрді. Биыл аталған 10 көшенің 5-еуі толықтай жаңғыртудан өтіп, пайдалануға берілмек. Бұған байланысты Алмасбек Әбілқасымұлы қала әкімі мен жауаптыларға жол құрылысының сапасын басты назарда ұстау керектігін жеткізді.
Аудан басшысы Қазалы қаласын аралау барысында мұндағы орталық саябақтарды, қаладағы басқа да көшелерді аралап, көшелердің абаттандырылу,ы санитарлық тазалығына қатысты қала әкімі Қайрақбай Орынбасаровқа бірқатар тапсырмалар жүктеді.