Сайысқа қатысушылар Қостанайда бас қосты
Жыл сайынғы дәстүрге сай «Parasat» дебат клубы республикалық пікірсайыс турнирін бастады. «Жаңа саясат — жаңа буын» атты ауқымды іс-шараға еліміздің 6 облысынан 28 фракция, яғни 56 жас пікірсайысшы қатысуда. Екі күнге созылған турнирде жастар өзара білім, логика, шешендік қабілет пен саяси сауаттылықтарын сынға салды. Жүлде қоры 440 000 теңге.

Дебат турниріне қаржылай қолдау көрсеткен – «Respublica» партиясының Қостанай облыстық филиалы. Партия төрайымының орынбасары Әлішер Уалиевтің айтуынша, мұндай пікірсайыстар жас буын үшін үлкен мүмкіндік. Себебі дебат — жастардың ойлау қабілетін дамытып, өз пікірін дәлелмен жеткізуге үйрететін тиімді алаң.
— Дебат — бұл тек пікір таластыратын емес, ұшқыр ой мен терең тұжырымның тоғысар алаңы. Жастардың ойын еркін жеткізуге, көзқарасын ашық қорғауға жол ашатын орта. Ал жастарды бір арнаға біріктіру, олардың қоғамдағы белсенділігін арттырып, ашық азаматтық бейнесін қалыптастыру — бұл «Respublica» партиясының негізгі басым бағыттарының бірі, — дейді Ә. Уалиев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, әрбір жас қоғамдағы саяси, әлеуметтік мәселелерге өз үнін қосуы тиіс. Сол арқылы олар ой-өрісін кеңейтіп, көшбасшылық қабілетін дамытады. Пікірсайыс алаңы болашақ саясаткерлер мен белсенді азаматтардың қалыптасуына жол ашатын маңызды орта.
— Турнирге Петропавл, Ақтөбе, Астана, Көкшетау, Қарағанды және Қостанай облыстарынан қатысушылар жиналды. Басты мақсат — өңіраралық байланыс орнатып, жастардың бір-бірімен тәжірибе алмасуына жағдай жасау. Солайша олардың достық қарым-қатынастарын нығайтқымыз келеді, — дейді «Parasat» дебат клубының координаторы Элеонора Кадерова.
Жарыс нәтижесі бойынша, «Біздің оңтүстік» командасы жеңіс тұғырынан көрінді. Олар бас жүлдені жеңіп алып, 170.000 теңгені қанжығалады. Команда мүшесі Әділ Уринханның айтуынша, Қостанайға алғаш келген сапары сәтті болғанын мақтаныш тұтады.
— Ойын тартысты өтті. Қаралар (тақырыптар) билік пен халық жайлы болды. Ұғынықылы, түсінікті. Жалпы турнир ұнады. Қатты қуанып тұрғанлықтан көп нәрсе айта алмаймын. Ерекше әсер алдым, — дейді жеңімпаз Әділ.
Аружан ҚАМБАРОВА, Қостанай қаласы
Суреттерді түсірген Б. БАЙТЕМІР












