Қараша айының 28-ші жұлдызында елордада Мемлекет басшысының қатысуымен ауыл әкімдерінің форумы өткен болатын. Мәні мен маңызы жоғары жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен екі мыңнан аса ауыл әкімі қатысты. Форум барысында ел Президенті жүктеген тапсырмалар мен ауыл әкімдерінің қазіргі жағдайы, оларың жауапкершілігі мен міндетін арттыруға байланысты Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентінің әкімі Айдын Тыныштықбай пікір білдірді. 

«Бүгінде ауылдарды дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басымдықтарының бірі. Халқымыздың түп-тамыры, ұлттық болмысымыздың өзегі – ауылдарда. Сондықтан ауылдардың  әлеуетін арттыру, инфрақұрылымын жетілдіру, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту – ел тұрақтылығының негізгі шарты. Ауыл мен кент  әкімдері атқаратын әрбір іс осы мақсатқа тікелей қызмет етеді. Бұл жауапкершіліктің салмағын мен, кент әкімі ретінде, терең сезінемін.

Кент әкімі – халықпен күнделікті араласып, олардың мәселесін дер кезінде шешетін мемлекеттік қызметші. Бұл қызмет – үлкен сенім мен табанды еңбекті қажет етеді. Кенттің тыныс-тіршілігін, әлеуметтік ахуалын жан-жақты ұғынып, нақты шешімдер қабылдау – шынайы басшылықтың басты шарты.

Жуырда ғана мемлекет басшысының қатысуымен өткен жиында өзекті мәселелер талқыланып қана қоймай, кент пен ауыл әкімдерінің кәсіби деңгейін көтеруге бағытталған пікір алмасулар да болды. Форум барысында әр өңірдің әкімдері тәжірибе бөлісіп, ортақ мәселелерді нақты шешу жолдарын талқылады. Мен үшін бұл жиын үлкен әсер қалдырды: жаңа идеялар, тың бастамалар, басқарудағы тиімді тәсілдер туралы құнды ақпарат алдық. Осындай алаңдар бізге жігер беріп, жергілікті басқару жүйесін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік туғызатыны анық.

Қазіргі таңда  ауыл  әкімдерінің 60 пайызы алғаш рет сайланғанын ескерсек, басқару жүйесінің айтарлықтай жаңарғаны байқалады. Дегенмен, сайлану – жұмыстың бастамасы ғана. Халық сенімін ақтау үшін тоқтаусыз ізденіс пен кәсіби даму қажет.

Мемлекет басшысы ауыл  әкімдеріне қойылатын нақты міндеттерді атап өтті. «Amanat» партиясының «Әкімдер мектебі» жобасы осы бағытта маңызды рөл атқарып жүр. Бірақ бұл бастаманың жоғары білімнің орнын баспайтыны анық. Сол себепті «Мемлекеттік және жергілікті басқару» бағдарламаларын жаңғырту, басқару мен көшбасшылық дағдыларын арттыру – уақыт талабы. Бұл бағыттағы жұмысты Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жүйелі түрде үйлестіруі тиіс.

Cонымен қатар, Президент жергілікті бюджеттің қаржылық тұрақтылығы жөнінде орынды мәселе көтерді. Біз салық түсімдерінің негізгі бөлігін жергілікті өңірлерге бағыттадық, бұл – дұрыс шешім. Алайда кенттердің өзін-өзі басқару бюджеті әлі де қолдауды қажет етеді. Көбіне кәсіпорындар кенттен табыс табады, жергілікті еңбек ресурсын пайдаланады, бірақ салықты тіркелген қала немесе аудан бюджетіне төлейді. Бұл жағдай ауылдардың  экономикалық мүмкіндігін шектейді. Сондықтан «салықты табыс алынған жерде төлеу» қағидатын енгізу – өте орынды әрі әділ шешім. Кем дегенде түсімнің бір бөлігі ауылда  қалуы тиіс. Бұл ауылдардың өз дамуын қамтамасыз ету үшін маңызды тетік болады.

Цифрлық Қазақстанды кенттерсіз және ауылдық округтерсіз елестету мүмкін емес. Жасанды интеллект пен жаппай цифрландыру дәуірінде ауыл әкімдері де бұл істің белсенді қатысушысы болуы қажет. Елді мекендерді цифрландыру – кент пен қала арасындағы әлеуметтік айырмашылықты азайтып, тұрмыс сапасын айтарлықтай теңестіреді. Үкімет бұл бағытты басымдық ретінде қарастыруы тиіс. Жергілікті деңгейден алынған жедел әрі нақты ақпарат орталықта дұрыс шешімдер қабылдауға жол ашады. Сонымен бірге экономикалық дерекқор қалыптасып, ресурстарды әділ бөлу тетігі күшейеді. Алдағы үш жылда Қазақстанды толықтай цифрлық мемлекетке айналдыру – жаңа даму кезеңіндегі басты міндеттердің бірі.

Президентіміздің «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген ұстанымы – біздің жұмысымыздың да темірқазығы. Әрбір орынды ұсынысқа құлақ асып, халықтың талабын құрметтеу – әкімнің парызы. Форумдағы ашық диалогтар да осы мәдениеттің маңызды екенін көрсетті: сын да, ұсыныс та – даму үшін қажет.

Мен, Тыныштықбай Айдын Маратұлы, 2023 жылдан бері Қызылорда қаласы, Тасбөгет кентінің әкімі ретінде осы міндеттерді абыроймен орындауға бар күшімді салып келемін. Кенттің әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыру, инфрақұрылымды жаңарту, цифрландыру жобаларын іске асыру, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту – менің негізгі басымдықтарым. Президент жүктеген тапсырмалардың барлығы Тасбөгет кентінде кезең-кезеңімен, сапалы әрі нақты жүзеге асатынына толық сенімдімін.

Кенттің дамуы – елдің дамуы. Әрбір шешім, әрбір нәтиже – мемлекетіміздің болашағына қосылған үлес. Халық сенімін ақтау – менің әкім ретіндегі басты міндетім және өмірлік борышым».

Сурет: Aqorda телеграм парақшасынан

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *