Сыр өңірінің тоқсаннан асқан ардагері, Қазақстанның құрметті журналисі Қайырбек Мырзахметұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүрекжарды алғыс хатын жолдады.

Елу жылға жуық уақытын отандық баспасөз саласына арнаған ардагер өз хатында елдегі қоғамдық-саяси тұрақтылық пен әлеуметтік қолдауға, соның ішінде зейнетақының жыл сайын өсуіне ризашылығын білдіріп,
Мемлекет басшысының халықаралық деңгейдегі сапарлары мен бастамаларын Қазақстанның беделін арттыруда, елдің экономикалық әлеуетін күшейтуге бағытталған маңызды қадамдар ретінде бағалаған.

Сондай-ақ, ардагер өз хатында жеке өміріндегі қуанышты сәттермен де бөліседі. Оның айтуынша, балалары мен немерелері ел дамуына үлес қосар салаларда білім алып, еңбек етіп жүр. Немерелерінің бірі биыл Алматыдағы Абай атындағы университетке грантпен оқуға түссе, екіншісі болашақта атом өнеркәсібі саласының маманы болуды мақсат етеді.

«Жыл сайын зейнетақының көтерілуі дәстүрге айналды. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған нақты қамқорлық. Бұған алғысым шексіз», – деп жазады ардагер.

Сонымен қатар, Қайырбек Мырзахметұлы Сыр өңіріндегі оң өзгерістерге де тоқталған. Оның пікірінше, өңірде ауыл шаруашылығы дамып, инвестиция тарту қарқыны артқан, мәдени-рухани нысандар бой көтеріп, қала келбеті айтарлықтай жаңарған.

Қазақстанның халықаралық аренадағы беделінің артып келе жатқанын атап өтіп, елдің бейбітшілік пен келісімге негізделген саясатына жоғары баға береді. Оның пайымынша, Қазақстан бүгінде Орталық Азиядағы ықпалды әрі танымал мемлекетке айналып отыр.

Осылайша Мемлекет басшысына жолдаған хаты елдегі бейбіт өмірдің, әлеуметтік тұрақтылық пен азаматтарға деген қамқорлықтың шынайы бағасын білдіретін тағылымды ой-толғам. Жарты ғасырға жуық уақытын отандық баспасөз саласына арнаған қаламгердің пайымы бүгінгі Қазақстанның даму бағытына берілген өмірлік тәжірибеден туған салмақты көзқарас ретінде қабылданады.

Ардагердің сөзінен өңірлердің өркендеуі, ауыл шаруашылығы мен мәдениет саласындағы ілгерілеу, әлеуметтік қолдаудың жүйелі жүзеге асуы және жастардың болашағына жасалып отырған нақты жағдайлар анық аңғарылады. Сонымен қатар елдің халықаралық аренадағы беделінің артуы мен Қазақстанның бейбітшілік пен келісімге негізделген саясатына деген сенім оның жүрекжарды лебізінен айқын сезіледі.

Бұл хат – аға буынның ел дамуына деген ризашылығы мен болашаққа деген сенімінің жарқын көрінісі.

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *