«Қызылорда-Жезқазған»: Биыл Ұлытау облысына қарасты жол құрылысы басталады
Биыл автожол саласында жалпы ұзындығы 11 мың шақырымды қамтитын жол құрылысы мен реконструкциялау жұмыстары жалғасады. Бұл ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Көлік министрлігінің алқа отырысында белгілі болды, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Атап айтқанда, «Қызылорда – Жезқазған» автожолында (Ұлытау облысы аумағында) жұмыстар жүргізіледі. «Орталық – Батыс» жобасын жүзеге асырудың белсенді кезеңі басталады. Сонымен қатар «Қарағанды – Жезқазған», «Ақтөбе – Қызылорда» және «Бейнеу – Сексеуіл» жобаларын бастау жоспарланған.
Мультимодальды тасымалды дамыту мақсатында Ақтау және Құрық порттарының инфрақұрылымын жаңғырту, оның ішінде айлақтарды реконструкциялау және түбін тереңдету жұмыстарын аяқтау көзделуде.
Әуе хабтарын және авиациялық инфрақұрылымды дамыту аясында Астана мен Шымкентте екінші ұшу-қону жолақтарын салу, Алматы әуежайының ішкі рейстер терминалын және Ақтау әуежайының перронын реконструкциялау, Атырау қаласында жаңа терминал салу, Павлодар әуеайлағын жаңғырту, Арқалық әуежайын қалпына келтіру, сондай-ақ Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарындағы әуежайлар құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.
2026 жылдың соңына дейін отандық әуе компаниялары 9 жаңа әуе кемесін сатып алып, әуе паркінің санын шамамен 118 бірлікке дейін ұлғайтуды жоспарлауда. Бұл жолаушылар тасымалы сыйымдылығын арттыруға, жаңа халықаралық бағыттарды ашуға және рейстер жиілігін көбейтуге мүмкіндік береді.
Алқа отырысының қорытындысы бойынша Роман Скляр көлік-логистика саласын одан әрі дамыту бойынша қосымша міндеттерді айқындап, нақты тапсырмалар берді.
Фото: Үкімет үйі












