Қызылорда: Өңірде өсім бар

Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң өсім қалыптасты. Статистикалық деректерге сүйенсек, өңдеу өнеркәсібі 6,4%, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,3%, негізгі капиталға салынған инвестициялар 10,6%, құрылыс жұмыстары көлемі 21,8%, пайдалануға берілген тұрғын үйлер 8,4%, көлік қызметі 4,4% және бөлшек сауда 2,4%-ға артқан. Бұл туралы облыстық статистика департаментінің басшысы Қайрат Әбсұлтанов жергілікті БАҚ өкілдеріне айтты.

ӨНЕРКӘСІП: ӨҢДЕУ СЕКТОРЫ АЛҒА ШЫҚТЫ

Өнеркәсіп саласында, жалпы өндіріс құрылымында әртүрлі үр­дістер байқалды. Өңдеу өнер­кәсібінің көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 6,4%-ға өсті. Атап айтқанда, тамақ өнімдерін өндіру 3,4%, мұнай өңдеу өнімдері 5,2%, химия өнеркәсібі 2,7%, резеңке және пластмасса бұйымдары 1,7%, бейметалл минералдық өнім­дер 4,3% және жиһаз өндірісі 43,6%-ға артқан. Сонымен бірге, тау-кен өндіру секторында тө­мендеу тіркелді. Нақты көлем индексі 97,3%-ды құрап, мұнай мен газ өндіру 10,5%-ға азайған. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде өндіріс 6,2%-ға қысқарса, электр энергиясы, газ, бу және ыстық сумен жабдықтау 9,8%-ға кеміген. Ал сумен жабдықтау, қалдықтарды өңдеу және ластануды жою қыз­меттері 17,9%-ға өсті.

ИНВЕСТИЦИЯ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫСТА СЕРПІН БАР

Былтыр қаңтар-желтоқсан ай­ла­рын­да негізгі капиталға салынған инвес­тициялар 10,6%-ға ұлғайған. Бұл – өңірдің инвестициялық тар­тым­дылығының арт­қанын көрсе­теді. Құрылыс саласында да жо­ғары қарқын байқалады. Кейінгі кезде шаһардың келбеті күн сайын көркейіп, әсем ғимараттар бой түзеп келеді. Айталық құрылыс жұ­мыстарының көлемі 21,8%-ға өсіп, инфрақұрылымдық жобалар артқан.

Тұрғын және жеке үйлер саны да көбейген. Жыл қорытындысы бойынша 3973 тұрғын ғимарат пайдалануға берілді. Оның ішінде 3906-сы жеке тұрғын үй, 66-сы көппәтерлі үй және 1 жатақхана. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданы 939 мың шаршы метрден асып, 8,4%-ға көбейді. Бір ерекшелік – көппәтерлі үйлер алаңы азайып, жеке тұрғын үйлердің көлемі өскен.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ АРТТЫ

Ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 233,4 млрд теңгені құрап, 1,3%-ға артқан. Өткен жылы облыс бойынша 186,6 мың гектар егін егілді. Негізгі дақыл – күріш 80,9 мың гектарды қамтыды.

Мал шаруашылығында да оң динамика байқалады. Оның ішінде жылқы, түйе, ірі қара көбейген. Сауылған сүт – 54,9 мың тонна (3,0% өсім), жұмыртқа өндірісі 8,1 млн дана (7,1% өсім).

ТУУ КӨРСЕТКІШІНДЕ АЛҒАШҚЫ ТӨРТТІККЕ ШЫҚТЫ

Облыс халқы 846 мың адамды құрады. Қала халқы 399 мыңнан асса, ауыл халқы – 446 мың адам. Кейінгі бес жылда халық саны 31 мыңға артқан.

Туу көрсеткіші тұрақты деңгейде. Өткен жылы 16 641 сәби дүниеге келген, 8511 ұл, 8130 қыз. Облыстар арасында мың тұрғынға шаққанда туу көрсеткіші бойынша республикада төртінші орынға шықтық. Орташа есеппен күніне 40-45 сәби дүниеге келеді екен.

Өткен жылы облысқа 13 431 адам көшіп келсе, 25 344 адам өңірден кеткен. Келушілер саны 13%-ға артқан.

Жалпы алғанда, статистикалық деректер облыстың әлеуметтік-эко­номикалық да­муын­да тұрақты өсім бар екенін дәлелдейді. Әсі­ресе өңдеу өнеркәсібі, құры­лыс, инвес­тиция және ауыл шаруа­шы­лығы сала­ларында оң нәтижелер байқалады. Сонымен қатар, инфляция, көші-қон және тау-кен сек­торындағы төмендеу секілді факторлар алдағы уақытта ерекше назар аударуды қажет етеді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА

Фото: ortalyq.kz

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Келесі Мақала:

0 %