Қызылорда: Қазалының бірнеше ауылында газ тарту құрылысы басталды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты бағыттарының бірі ретінде халықтың өмір сүру сапасын арттыру, әсіресе ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту мәселесіне айрықша назар аударып келеді. Осыған сәйкес облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен Қазалы ауданында елді мекендерді сапалы инфрақұрылыммен қамту бағытында кезең-кезеңімен ауқымды жобалар жүзеге асуда.

Ел игілігіне бағытталған ауқымды жобалардың бірі — Бекарыстан би, Майдакөл және Ү. Түктібаев ауылдарына орамішілік газ желілері құрылысының басталуына орай Бекарыстан би ауылында салтанатты шара өтіп, үш ауылдың тұрғындары көптен күткен игі істің куәсі болды.
Салтанатты шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстардың басталуымен құттықтады. Сондай-ақ үш ауылдыңда халқы көп ұзамай көгілдір отынның қуанышына кенелетіндігін жеткізді.
— Көгілдір отын – бұл тек қана отын көзі емес. Бұл – тұрғындардың тұрмысын жеңілдететін, экологиялық жағдайды жақсартатын, уақытты үнемдейтін, ең бастысы – өмір сапасын арттыратын маңызды игілік. 2026 жылға аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен аудандағы Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарына орамішілік газ желілері құрылысын бастауға республикалық бюджеттен 680 млн. теңге қаржы бөлініп, бүгін міне, елді мекендерге орамішілік газ жүргізу жұмыстары басталуда. Жалпы жыл соңына дейін аудан бойынша елді мекендерді газбен қамту көрсеткіші 78,5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бүгінгі жүзеге асып жатқан жұмыстар толықтай аяқталғаннан кейін Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарындағы 1000-ға жуық тұрғын үй мен 16 әлеуметтік нысан көгілдір отынға қосылып, 5500-ден астам тұрғын көгілдір отынның қуанышына кенелетін болады. Бұл – еліміздің, бірлігіміз бен берекеміздің арқасында қол жеткізіп отырған жетістігіміз. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың нәтижесінде ауылдарымыз күннен-күнге жаңарып, көркейіп келеді. Алдағы уақытта да ауданымыздың барлық елді мекендерін кезең-кезеңімен көгілдір отынмен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасын табатын болады, — деді аудан әкімі.
Шарада Қызылорда облысының құрметті азаматы Самұрат Имандосов пен Ақжона ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шынтас Жадиев ауыл тұрғындарын маңызды бастамамен құттықтап, ауыл ақсақалы Болат Сәдуов жиылған жұртшылыққа ақ батасын берді.

Мұнан соң аудан басшысы мен ел ағалары, зиялы қауым өкілдері жиылған жұртшылықпен бірге орамішілік газ желілерін жүргізу жұмыстарының басталуына куә болды.
Айта кетейік, аталған 3 ауылды көгілдір отынмен қамту жұмыстарымен мердігер мекеме – «AsiaStroy KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мекемесі айналысуда. Аудан басшысы шарадан кейін, мердігер мекеменің жауапты өкілімен кездесіп, жоспарланған жұмыстарды белгіленген мерзімінде әрі сапалы аяқтау керектігін айтты.

Фото: Қазалы ауданы әкімдігі













