Биыл қаңтар айында өткен Ұлттық Құрылтайдың V отырысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен екі ірі жобаның құрылысы айтылды. Ол – облыс орталығында тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана мен жаңа драма театр салу. Екі ғимарат та Қызылорда қаласындағы Президент саябағы аумағында тұрғызылады.

Құрылтай барысында Мемлекет басшысы кітапханалардың қоғамдағы рөлін күшейтуге мән беріп, материалдық-техникалық базасын заманауи талаптарға сай жаңғыртуды баса айтты.

Жалпы Сыр өңірінде кітап­ха­на салу бастамасы жоғары мәнге ие. Салынатын жаңа ғимарат тек кітап сақ­тай­тын орын емес, білім мен мәден­иеттің, цифрлық технологиялар мен инновациялардың орта­лы­ғына айналдыруға бағытталып отырған бірегей жоба болмақ.

«Бүгінде кітапхана құрылысына да жер телімі белгіленді. 600 мың сақтау бірлігіне арналған кітапхана құрылысының жобасы бекітіліп, алдын ала жобалау жұмыстары басталып кетті», дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Қуандық Іскендір.

Облыс әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жазылғандай, кітапхана құрылысына жеке инвестор есебінен 20 млрд теңге қаралған. Ғимараттың жалпы аумағы 13 мың шаршы метр болмақ. Пайдалануға берілген соң бір жылда 300 мың оқырманға дейін қызмет көрсетеді.

«Кітапханада ашық форматтағы оқу залдары, заманауи каталог жүйесі, 50 адамға арналған цифрлық ресурстармен жұмыс істеу бөлмесі ашылады. Сонымен қатар медиа-лаборатория мен подкаст студиясы жұмыс істейді. Өңірде бой көтеретін жаңа театр мәдениет саласының дамуына тың серпін береді. Жаңа ғимарат кең әрі заманауи талаптарға сай жабдықталады. Бұл әртістердің дайындығына, күрделі декорациялар мен тың режиссерлік шешімдерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Заманауи дыбыс және жарық жүйелері қойылымдардың мазмұны мен көркемдік деңгейін арттыра түседі», деп жазады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, бүгінде Қызылорда облысында 209 мемлекеттік кітапхана халыққа заман талабына сай қызмет көр­сетуде.

Фото: Облыс әкімдігі

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *