Сыр елінде кітап оқырмандарының саны артқан
Қызылорда облысының кітапхана саласында қарқынды даму қалыптасқандай. Қазір өңір бойынша 209 мемлекеттік кітапхана заман талабына сай қызмет көрсетіп, өз оқырмандарын қажетті әдебиетпен қуантып келеді, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
«Аймақта кітап оқу мәдениетін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүруде. Халықтың кітап оқуға деген қызығушылығының артып келе жатыр. Мұны кейінгі кездегі оң көрсеткіштен байқауға болады. Атап айтсақ, былтырғы қорытындымен кітапханалар 266103 оқырманды қамтыған. Сондай-ақ былтыр облыс кітапханаларында 10818 мәдени іс-шара ұйымдастырылып, оған 260 мыңға жуық адам қатысты. Мұндай іс-шаралар оқырман санын арттырып қана қоймай, рухани құндылықтарды дәріптеуге де үлкен үлес қосып отыр», дейді Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Жанғабылова.
Кітапхана басшылығының мәлімдеуінше, облыста жастарды кітапханаға тарту мақсатында жаңа форматтағы жүйелі бастама көп. Кітапханалардан коворкинг орталықтарын ашу ісінде ілгерілеушілік бар. Қазір 89 кітапханада коворкинг орталығы жанданып, жастардың білім алып, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беретін заманауи алаңға айналған.
«Облысқа қарасты 7 ауданда ашылған «Руханият» орталықтары да кітапхана қызметінің үлкен серпін бергендей. Онда түрлі мәдени-танымдық шара өтіп тұрады. Келушілер саны да артқан. Өткен жылы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ғимаратына ауқымды жөндеу жүрді. Оқу залы, өнер залы, мерзімді басылымдар бөлімі, коворкинг орталығы мен электронды оқу залы жаңартылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасалды. Ал Сырдария ауданындағы Н.Ілиясов және Бесарық ауылдық кітапханалары жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен жаңғыртылды. Биыл өңірдегі Ұлттық құрылтай барысында Мемлекет басшысы Қызылордада заманауи кітапхана салу қажеттігін айтты. Бұл бастама сала мамандарына жігер сыйлап отыр», дейді басшы міндетін атқарушы.
Президент пәрменімен биыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялағаны мәлім. Бұл кітапхана саласына да жаңа міндет жүктеп отыр. Ал сырбойылық кітапханашылар атаулы жылы жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, оқырмандарға қызмет көрсетуді жетілдіруді бастап кетті. Цифрландыру бағытында облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында 74 компьютер жергілікті желіге қосылып, интернет 100 мбит/сек жылдамдықта жұмыс жасап тұр. Нәтижесінде электронды каталогтағы кітап саны 400 мыңнан асқан. Ал соның ішінде қазақ тілді кітап қоры айтарлықтай мол.
Сондай-ақ бүгінгі күнге дейін кітапханада 9399 кітап цифрлық форматқа көшірілген. Сол сияқты сирек қордағы 917 кітап пен облыстық газеттердің жүздеген топтамасы да цифрландырылған.
Фото: ашық дереккөз












