«AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» және «Бақытты отбасы» жобалары нақты нәтижесін көрсетіп отыр. Бұл бастамалар бүгінде жүздеген отбасының тұрмыс сапасын жақсартып, жастардың білім алуына жол ашты, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Соның бір айқын көрінісі – Сыр өңіріндегі аз қамтылған отбасылардан шыққан 30 жастың оқу ақысын төлеуге көрсетілген қолдау. Партияның Жаңақорған аудандық филиалының үйлестіруімен және «Байкен-U» серіктестігінің қолдауымен шамамен 17 млн теңге бөлініп, бүгінде бұл жастар еліміздің түрлі оқу орындарында кедергісіз білім алып жатыр.

Бұл – жай ғана сандар емес, азаматтардың ертеңіне сенім сыйлаған нақты көмек. Мәселен, Жайылма ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Клара Шәйменова үшін бұл қолдау үлкен мүмкіндікке айналды. Оның айтуынша, қиын кезеңде көрсетілген көмек отбасы үшін маңызды тірек болған.

«Әрбір ата-ана баласының білім алғанын қалайды. Қаржылық қиындық туындаған кезде «AMANAT» партиясы тарапынан көрсетілген бұл қолдау бізге үлкен демеу болды. Баламның білім алып жатқанына қуаныштымын. Осындай қамқорлық үшін партияға айтар алғысым шексіз», – дейді ол.

Осындай қолдаудың арқасында білімін жалғастырып жүрген жастардың қатарында Нұрдаулет Бижанов та бар. Ол ұсынылған мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өз болашағын айқындау жолында нық қадам жасап келеді. Оның сөзінше, бұл қолдау жаңа белеске ұмтылуына ықпал еткен.

Өңірде партияның Жаңақорған аудандық филиалы және «Байкен-U» серіктестігімен бірлескен әлеуметтік қолдау бағытындағы игі іс биыл екінші жыл қатарынан жүзеге асырылуда. Бұл – партия мен бизнестің нақты әлеуметтік әріптестігінің нәтижесі.

Аудандық филиал төрағасы Арман Мажитов партия жобалары – бір реттік көмек емес, ұзақ мерзімді нәтижеге бағытталған бастама екенін атап өтті.

«Біздің басты мақсат – халыққа нақты қолдау көрсету және әрбір азаматтың тұрмысын жақсартуға ықпал ету. Осы бағытта «AMANAT» партиясы түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді. Мұнда біз әлеуметтік жауапкершілігі жоғары бизнес өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Жақында партия жанынан Кәсіпкерлер қанаты құрылды. Бұл бизнес қауымдастығымен өзара байланысты одан әрі нығайтып, кәсіпкерлікті қолдауға тың серпін береді. Алдағы уақытта партия мен бизнес арасындағы әріптестік күшейіп, нақты жобалар жалғасын табады. Біз үшін әрбір азаматтың болашағы маңызды, сондықтан кез келген мәселе назардан тыс қалмай, кезең-кезеңімен шешімін табатын болады», – деді ол.

Айта кетейік, былтыр аталған жобалар аясында Қызылорда облысында 600-ге жуық іс-шара ұйымдастырылып, 5 мыңнан астам азаматқа түрлі бағытта қолдау көрсетілді. Жоба аясындағы жұмыстар биыл да жалғасын табуда.

Фото: «AMANAT» партиясының облыстық филиалы

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *