25 қазан – Республика күніне орай еліміздің облыстары мен қалаларында салтанатты жиындар, концерттер, мемлекеттік туды көтеру рәсімдері, көрмелер, патриоттық акциялар мен спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Кей өңірде мерекелік бағдарламалар 19 қазаннан басталады.

Қазақстанда Республика күнін мерекелеуге дайындық жүріп жатыр. Өңірлердің әкімдіктері мерекеге арналған концерттер мен салтанатты рәсімдерден бастап, кітап көрмелері, тарихи-танымдық кездесулер, жастар акциялары және мәдени бағдарламаларға дейінгі іс-шараларды жоспарлаған.

Өңірлердегі негізгі іс-шаралар

Абай облысы

Абай облысында Республика күніне арналған 100-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған. Қалалар мен аудандарда Мемлекеттік Туды салтанатты көтеру рәсімі өтеді. Абай атындағы театрда облыс әкімінің, ардагерлердің, депутаттардың, қоғам қайраткерлерінің, мемлекеттік қызметшілердің, жастар мен тұрғындардың қатысуымен салтанатты жиын ұйымдастырылып, «Менің Республикам – менің мақтанышым» республикалық челленджі өткізіледі.

Кітапханаларда, музейлерде және білім беру мекемелерінде тақырыптық көрмелер мен шығармалар байқаулары, арнаулы білім беру мекемелерінде тәрбиелік сағаттар ұйымдастырылады. Сонымен қатар нысандардың ашылуы, акциялар, челлендждер мен дөңгелек үстелдер жоспарланған.

Ақтөбе облысы

Өңірде музейлер мен кітапханаларда тақырыптық кездесулер мен кітап көрмелері, мемлекеттік архивте танымдық сағат пен құжаттық көрме өтеді. Әлеуметтік желілерде бейнероликтер жарияланып, елдің дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттау жоспарланған.

Сондай-ақ «Қыран елім – Қазақстаным!» салтанатты мерекелік шарасы, «Азат елдің асқақ рухы» және «Ұлы дала – ұлы ел!» концерттері, жас көрермендерге арналған «Қияңдарға кетпеші» спектаклі ұсынылады.

Атырау облысы

Атырауда Республика күніне арналған салтанатты ресми шара 23 қазанда Махамбет атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында өтеді. Аудан орталықтарында да мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады.

Бұдан бөлек, «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбіліктер, студенттер мен жастар арасында интеллектуалдық ойындар, орталық кітапханаларда тақырыптық кештер және музейлерде көрмелер жоспарланған. Атырау қаласындағы көрме орталығында 11-21 қазан аралығында «ATYRAU OPEN 2026» халықаралық шахмат турнирі өтеді.

Шығыс Қазақстан облысы

Шығыс Қазақстан облысында 300-ден астам мерекелік іс-шара өткізу жоспарланған. Бағдарламаға ғылыми-танымдық және мәдени-бұқаралық шаралар, тарихи оқиғалар мен көрнекті тұлғаларға арналған көрмелер, конкурстар, викториналар, шығармашылық шеберханалар, әдеби кештер, концерттер мен спорттық жарыстар енгізілген.

23 қазанда облыстық филармонияның акт залында мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсімі, концерт залында Республика күніне арналған салтанатты концерт өтеді. 25 қазанда Өскемен қаласының амфитеатрында Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі ұйымдастырылады. Ал 19-23 қазан аралығында Өскеменде «25 қазан – 25 игі ісі» акциясы өтеді.

Жамбыл облысы

Жамбыл облысында 60-қа жуық іс-шара жоспарланған. Олардың қатарында Республика күніне арналған салтанатты жиын, «Менің елім – Қазақстан» патриоттық әндер байқауы, «Айналдым сенен, Атамекенім!» мерекелік концерті және «Жаса, жайна, Отаным!» бағдарламасы бар.

Сонымен бірге «Заңға құрмет, елге қызмет – адал азаматтың ұстанымы» патриоттық акциясы, «Жасай бер, жаса, Қазақстаным!» мерекелік іс-шарасы, «Қыран елім – Қазақстаным!» шарасы және «Шерхан» драма-элегиясын сахналау көзделген.

Қызылорда облысы

Қызылорда облысында Республика күніне бірқатар іс-шара өткізіледі.

Сонымен қатар облыста Республика күніне орай республикалық Republic Day және Bereke Fest акциялары өтеді.

Республика күні қарсаңында Қызылорда облысында 2026 жылғы 17 қазаннан 27 қазанға дейін қоса алғанда «Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акциялары өтеді. Бұл күні тұтынушыларға түрлі тауарлардың кең таңдауы төмендетілген бағамен ұсынылады.

Жетісу облысы

Жетісу облысының аудандары мен қалаларында мемлекеттік мерекенің тарихи маңызын насихаттауға, мемлекеттік рәміздерге құрметті арттыруға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған мәдени-көпшілік шаралар өтеді.

23 қазанда Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы драма театрында Республика күніне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылады. Онда елдің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің қалыптасуындағы мерекенің тарихи маңызы дәріптеліп, қоғамның түрлі саласында еңбек етіп жүрген азаматтарды құрметтеу жоспарланған.

Қостанай облысы

Қостанай облысында негізгі мерекелік іс-шаралар 22-25 қазан аралығында барлық қала мен ауданды қамтиды.

20 қазанда Қостанай ауданында «Идеялар мен бастамалар кеңістігі» облыстық жас патриоттар форумы өтеді. 22 қазанда Қостанай қаласының балалар шығармашылығы мектебінде «Болашақ» облыстық хореографиялық байқауы ұйымдастырылады.

23 қазанда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде ғылыми-практикалық конференция өтеді. Сол күні облыстық филармония алаңында Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі ұйымдастырылады. Сонымен қатар «Мемлекеттік тілге жеті қадам» бағдарламасы аясында түрлі этнос өкілдері арасындағы оқушыларды марапаттау рәсімі жоспарланған.

Павлодар облысы

Павлодар облысының мәдениет мекемелері Республика күніне орай 1000-нан астам іс-шара өткізуді жоспарлаған. 25 қазанда облыстық музейлер мен театрларға кіру тегін болады.

20 қазаннан бастап кітапханаларда, музейлерде және клубтық мекемелерде әдеби-музыкалық кештер, тақырыптық кітап көрмелері, тарихи және патриоттық сағаттар ұйымдастырылады.

22 қазанда С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Өткенге тағзым – болашаққа сенім» конференциясы, Н. Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде «Тәуелсіз Қазақстан өнері» көрмесі өтеді. 23 қазанда Г. Н. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде «Қазақстан Республикасының шежіресі» викторинасы ұйымдастырылады.

25 қазанда Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрында «Оян, қазақ, ойлан, қазақ» драмасы, А. П. Чехов атындағы драма театрында «Вот такая любовь» лирикалық комедиясы қойылады.

Жастарға арналған бағдарламада 22 қазандағы «Менің елім – Қазақстан» бірыңғай акциясы мен «Тәуелсіздік ұрпақтары» облыстық жастар грантын марапаттау рәсімі бар. 23 қазанда «Менің Қазақстаным» жастар конференциясы және «Super Family» өңірлік байқауы өткізіледі.

Түркістан облысы

Түркістан қаласында Республика күніне арналған облыстық деңгейдегі негізгі мерекелік іс-шара 23 қазанда Конгресс холл көпсалалы кешенінде өтеді. Аудандық және қалалық деңгейдегі іс-шаралар мәдениет үйлерінде ұйымдастырылады.

Қарағанды облысы

Қарағанды облысында мерекелік іс-шаралар жоспары әзірленіп жатқаны хабарланған. Әкімдіктің ұсынылған жауабында нақты іс-шаралардың атауы, күні мен орны көрсетілмеген.

Батыс Қазақстан облысы

23 қазанда өңірдің түрлі салаларында еңбек етіп жүрген азаматтарға Мемлекет басшысының атынан мемлекеттік наградалар табысталады. Сол күні аймақ басшысының қатысуымен мерекелік концерт өтеді.

Мереке аясында мәдени, спорттық, танымдық және бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылады. Өңірдің ірі сауда орындарында «Republic day» акциясы өтіп, тұтынушыларға жеңілдіктер ұсынылады.

Солтүстік Қазақстан облысы

Петропавлда 23 қазанда Қазақстан Республикасы күніне арналған салтанатты концерт өтеді. 23-26 қазан аралығында С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Республика – елдің тұғыры» атты кітап-иллюстрациялық көрме ұйымдастырылады. Көрме Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуы мен нығаю тарихына және ұлттық құндылықтарға арналады.

25 қазанда сағат 11:00-де облыс орталығының бас алаңында мерекелік іс-шара өтеді. Жалпы, өңір тұрғындары мен қонақтарына арналған мәдени, спорттық және тақырыптық бағдарламалар жоспарланған.

Алматы облысы

Алматы облысында Республика күніне орай салтанатты жиындар мен мерекелік концерттер ұйымдастырылады. Мереке қарсаңында бірқатар әлеуметтік және қызмет көрсету нысандарын пайдалануға беру жоспарланған.

Кеген ауданында Алматы-Кеген автожолының бойындағы «Compass» қызмет көрсету бекеті, Райымбек ауданының Нарынқол ауылында 250 келушіге арналған емхана, Ұйғыр ауданының Шонжы ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені және Іле ауданының Боралдай ауылында ауылдық мәдениет үйі ашылады.

Ақмола облысы

Ақмола облысының барлық аудандары мен қалаларында салтанатты іс-шаралар және Мемлекеттік Туды көтеру рәсімдері өтеді. Негізгі іс-шара 23 қазанда Көкшетауда облыс әкімінің қатысуымен ұйымдастырылады. 24 қазанда қаладағы флагштокта Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі өтеді.

Сонымен қатар өңірдің дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттау, білім беру және мәдениет ұйымдарында көрмелер, құқықтық және сынып сағаттары, жастар акциялары мен ғылыми конференциялар ұйымдастыру жоспарланған. Облыста «Republic Day» акциясы мен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері де өткізіледі.

Ұлытау облысы

Ұлытау облысында 19-25 қазан аралығында мәдени-көпшілік, қоғамдық және патриоттық бағыттағы іс-шаралар өтеді. Бағдарламада көрмелер, тарихи-танымдық және рухани кездесулер, патриоттық сағаттар, сурет байқаулары, кітап көрмелері, дөңгелек үстелдер, мерекелік кештер, концерттер, жастар акциялары, ұлттық спорттық сайыстар мен челлендждер бар.

Іс-шаралар облыс орталығында және қала-аудандардың мәдениет үйлерінде, кітапханаларында, музейлерінде, архивтерінде, білім беру және басқа да мәдени ұйымдарда өткізіледі. Негізгі мерекелік бағдарламалар 23-25 қазанға жоспарланған.

Маңғыстау облысында мерекелік концерттер мен кештер өтеді

Маңғыстау облысында Республика күніне арналған бағдарлама облыстық кітапхана мен музейлерді, Ақтау және Жаңаөзен қалаларын, сондай-ақ аудан-аудандар мен ауылдарды қамтиды.

Ақтау қаласында 22 қазанда сағат 14:00-де Абай атындағы мәдениет үйінің үлкен залында «Рухы биік – Қазақ елі» мерекелік концерті өтеді.

Жаңаөзен қаласында 23 қазанда сағат 15:00-де «Ұзақбай жырау Қазжанұлы» мәдениет үйінде «Бір ел, бір тағдыр, бір Республика» атты салтанатты жиын, ал «Атамұра» мәдениет үйінде «Байтақ елім – Қазақстаным» мерекелік шарасы ұйымдастырылады.

Бейнеу ауданында 22 қазанда Төлеп ауылдық клубында сағат 16:00-де «Азат елдің ақ таңы – Республика күні», Сарға ауылдық мәдениет үйінде сағат 20:00-де «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстаным!» концерттері өтеді. Тәжен ауылдық клубында сағат 10:00-де «Отаным – Қазақстан» концерті жоспарланған.

Облыстың басқа да аудандарында мерекелік іс-шаралар өткізіледі.

Коллаж: БАҚ.КЗ

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Басты жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *