Елімізде 3,7 млн тонна жанармай өндірілді
Энергетика министрлігі жанар-жағармайдың қажетті қоры толық көлемде қалыптасқанын мәлімдеді. Бірінші тоқсанда республикада мұнай өнімін өндіру көлемі 3,7 млн тоннаға жеткен, ал жылдық болжамды көрсеткіш 15,4 млн тонна деңгейінде белгіленген, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өндіріс құрылымында әлеуметтік маңызы бар бензин шығару 1,6 млн тонна, ал дизель отыны шамамен 1,5 млн тоннаға жетті.
Энергетика министрлігі мұнай өңдеу әлеуетін түбегейлі арттыруға бағытталған ауқымды бағдарламаны іске асыруға кірісті. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуатын кеңейту үшін белсенді жұмыстар жүргізіле бастады. Павлодар мұнай-химия зауытының қуаттылығын 5,5-тен 9 млн тоннаға дейін, Шымкент зауытының қуатын 6-дан 12 млн тоннаға дейін, ал Атырау мұнай өңдеу зауытының қуатын 5,5-тен 6,7 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Сондай-ақ қуаттылығы жылына 10 млн тонна болатын жаңа мұнай өңдеу зауытын салу жобасын жеделдетіп іске асыру шаралары қабылданды.
Фото: Энергетика министрлігі












