Сыр елі: Қазалыны газдандыру қарқын алды
Кейінгі жылдары Сыр өңіріндегі елді мекендерді газдандыруға 70 млрд теңгеден астам қаржы тартылды. Құрылыс жұмыстарынан соң 39 елді мекен және бір қалаға толық «көгілдір отын» барды. Ал облыстағы газдандыру деңгейі 70 пайыздан 83 пайызға артты. Енді жыл соңына дейін облыстағы 10 елді мекенді газдандыру жоспарланған, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Аталған саладағы қарқынды жұмыс Қазалы ауданында да жүріп жатыр. Айталық, екі жыл бұрын Абай ауылына газ тартылса, былтыр Ақтан батыр елді мекенінің халқы «көгілдір отын» тұтына бастады. Сондай-ақ өткен жылы Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарына магистральды газ желілері жүргізілген.

Аталған ауылдарға барып, құрылыс барысын көрген аудан әкімі Алмасбек Есмаханов тұрғындарға да лебізін жеткізіп, құттықтады.

Осы жылға аймақ басшысының қолдауымен Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарына орамішілік газ желілері құрылысын бастауға республикалық бюджеттен 680 млн теңге қаржы бөлінді. Жалпы жыл соңына дейін ауданды газбен қамту көрсеткішін 78,5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Алдағы уақытта Жанқожа батыр ауылындағы 280 тұрғын үй мен 9 әлеуметтік нысан «көгілдір отынға» қосылып, 1600-ге жуық тұрғын осындай игілікке қол жеткізеді. Ал Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарындағы 1000-ға жуық тұрғын үй мен 16 әлеуметтік нысан және 5500-ден астам тұрғын газ тұтынатын болады. – деді А.Есмаханов.

Айта кетейік, бұған дейін Қазалы ауданын газбен қамтуда Басықара, Қ.Пірімов, Жалаңтөс батыр ауылдары және аудан орталығына іргелес жатқан Қазалы қаласына да газ жүргізілген болатын.

Фото: Қазалы ауданы әкімдігі












