Қызылордада «Кітапхана түні-2026» акциясы ұйымдастырылды
Қызылорда қаласындағы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Кітапхана түні-2026» акциясы өтті, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Кітап оқуды насихаттау, адамгершілік тәрбие мен рухани байлық, әлемді тану мен білімге жетелейтін орта – кітапханаға келуді қоғамның рухани дәстүріне айналдыруды мақсат еткен бұл акцияда кітапхана қызметкерлері қызықты шаралар ұйымдастырды.

Атап айтсақ, түн қонақтары үшін «Ымырттағы оқулар», жаңа кітаптар көрмесі мен инсталляциялар, түрлі интеллектуалды сайыстар, кинокөрсетілім, караоке, «Тағдырлар сөйлейді» атты кітап кейіпкерлерінің шеруі, ұлттық ойындар мен «Кітап құрттары» клубы мүшелерінің қатысуымен кітап талдау және «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясы, «Әжемнің ертегілері» жобасы бойынша дауыстап оқулар өткізілді.

Шара барысында зиялы қауым, БАҚ өкілдері, қаламгерлер, арнаулы және жоғары оқу орындарының студенттері, кітапхана қызметкерлері және жастар түнгі кітапхананың қадірлі қонақтары болды.
Аталған акцияның күні бойы жұмыстан қолы босамай кітапханаға келуге уақыты тапшы барша қонақтар үшін тиімділігі көп.

«Бұл — кітап қорымен танысып қана қоймай, ой бөлісуге, шабыттануға, рухани байланысты арттыруға үлкен мүмкіндік», дейді шараны ұйымдастырушылар.
Фото: Ә.Тәжібаев атындағы облыстық
әмбебап ғылыми кітапханасы












