Мектеп түлектеріне арналған қорытынды аттестация күні белгіленді
Қазақстан мектептеріндегі 9 және 11-сынып түлектеріне арналған қорытынды аттестацияның мерзімі ресми түрде бекітілді. Тиісті бұйрыққа ҚР Оқу-ағарту министрі қол қойған.
Құжатқа сәйкес, 2025–2026 оқу жылында 9-сынып оқушыларының қорытынды емтихандары 2026 жылғы 29 мамыр мен 11 маусым аралығында өтеді. Бұл кезеңде оқушылар міндетті пәндер бойынша төрт жазбаша емтихан тапсырады.
Ал 11-сынып түлектеріне арналған мемлекеттік емтихандар 2026 жылғы 2–15 маусым аралығына жоспарланған. Бітіруші түлектер бес пән бойынша сынақ тапсырады, оның бірі ауызша форматта ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, негізгі және жалпы орта білім туралы аттестаттарды салтанатты түрде табыстау рәсімі білім беру ұйымдарында 2026 жылғы 17–18 маусым күндері өтеді.
Министрлік бекіткен жаңа кесте оқу жылын қорытындылау мен емтихан өткізу процесін жүйелі ұйымдастыруға бағытталған.

Фото: Ашық дереккөз












