Әскери жоғары оқу орнын үздік бітірген түлектерге «аға лейтенант» шені беріледі
Қазақстанда әскери жоғары оқу орындарын үздік тәмамдаған түлектерге берілетін әскери шенге қатысты жаңа өзгеріс енгізілді. Бұл норма Мемлекет басшысы қол қойған мемлекеттік қызмет мәселелеріне арналған жаңа заң аясында бекітілді.
Бұған дейін әскери жоғары оқу орындарының түлектеріне оқуын аяқтағаннан кейін негізінен «лейтенант» әскери атағы тағайындалатын. Енді жаңа тәртіп бойынша Қазақстандағы және шетелдегі әскери әрі арнаулы оқу орындарын үздік бітірген жастарға бірден «аға лейтенант» шені беріледі.
Сонымен қатар, оқуын жоғары нәтижемен аяқтаған жас офицерлерге қызмет орнын таңдауда қосымша мүмкіндік қарастырылған. Атап айтқанда, олар әскери қызметін өтейтін бөлімді таңдауда басым құқыққа ие болады.
Жаңа өзгерістер әскери білім саласындағы үздік нәтижені ынталандыруға және жас офицерлердің кәсіби мотивациясын арттыруға бағытталған.













