Балалар мерекесінде мейірім сыйлаған игі бастама
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №37 мекемесінде тәрбиелік және қайырымдылық бағыттағы игі шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Шара аясында мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталған азаматтардың қолымен дайындалған түрлі ойыншықтар тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың балаларына табысталды.
Қайырымдылық шарасы барысында балаларға арналған жұмсақ ойыншықтар мен қолдан жасалған бұйымдар сыйға беріліп, бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Өз кезегінде ата-аналар мен балалар ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Мекеме бастығының орынбасары Нұрлан Мұхтаровтың айтуынша, мұндай іс-шаралар сотталғандардың қоғамға пайдалы еңбек арқылы оң өзгерістерге ұмтылуына ықпал етеді. Сонымен қатар, балалар мерекесіне арналған қайырымдылық акциясы әлеуметтік жауапкершілікті арттырып, қоғамдағы ізгілік пен жанашырлық құндылықтарын насихаттауға бағытталған.
Балалар – еліміздің болашағы. Сондықтан олардың қуанышы мен жарқын күлкісі әрдайым басты назарда болуы тиіс. Осы орайда ұйымдастырылған қайырымдылық шарасы балалар мерекесінің мәнін арттырып, мейірім мен қамқорлықтың жарқын үлгісіне айналды», дейді мекеме бастығының орынбасары, әділет майоры Нұрлан Мұхтаров
Фото: ҚАЖ












