Қызылорда: Сырдарияда егіс зиянкестеріне қарсы ауқымды жұмыс тоқтамайды
Фитосанитариялық қауіпсіздік – аграрлық саладағы өзекті мәселенің бірі. Жалпы ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін арттыруға және өңделген өнімдердің экспортын ұлғайтуға, әсіресе, елімізге жаңа нарықтың ашылуында инспекция тарапынан атқарылатын фитосанитариялық қауіпсіздік жұмыстарының маңызы зор.

Қызылордадағы «РФД ж БӘО» РММ-нің Сырдария аудандық филиалының 2025 жылғы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде ерекше қауіпті шегіртке зиянкестеріне қарсы 2025 жылғы жазғы-күзгі мониторинг қорытындысымен 2026 жылы 3500 гектар жерге (оның ішінде италиялық прусқа қарсы 100, азиялық шегіртке 3400 гектар) химиялық өңдеу жүргізу жоспарлануда.

Шегіртке зиянкестеріне қарсы фитосанитариялық күрес жұмыстарына 1 арнайы жер агрегаты, 1 ұшақ қатыстырылады. Биылғы химиялық өңдеу жұмыстарын ұшақпен «Дельта-Юг» ЖШС, жер үсті агрегатымен «Бағжан» ЖК мердігер мекемелері жүргізеді.

Осы жылы шегіртке тектес зиянкестерге қарсы фитосанитарлық шараларды жүргізу жөніндегі іс-қимылдарды бірлесе атқару мақсатында көршілес Түркістан және Ұлытау облыстарымен ынтымақтастық келісім-шарт жасалды. Сондай-ақ, облыстық аумақтық инспекция жанынан ерекше қауіпті шегіртке зиянкестері мен карантиндік объектелерге қарсы фитосанитариялық іс-шараларды уақытылы, сапалы, тиімді жүргізу жөнінде штаб құрылды. Екіншіден, жергілікті атқарушы органдарымен зиянды және ерекше қауіпті зиянды организмдерге қарсы жұмыстарды бірлесе атқару жөнінде жұмыс жоспары бекітілді», дейді Сырдария аудандық аумақтық инспекция басшысы Ербол Асқарбекұлы.
Оның айтуынша, жоспар бойынша ерекше қауіпті шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары осы жылдың 22 мамырында басталып, шілде айына дейін жүргізілмек.

Ескерер жәйт, ерекше қауіпті шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу кезінде бал ара омарталары мен барлық ауыл шаруашылығы малдарын қауіпсіз жерлерге көшіруді қамтамасыз ету қажет», дейді инспекция басшысы.
Бүгінде Сырдария ауданында ерекше қауіпті шегіртке зиянкестері мен карантиндік нысандарға қарсы атқарылатын фитосанитариялық іс-шаралар жұмыстары тұрақты әрі қатаң бақылауда тұр.
Фото: Сырдария аудандық аумақтық инспекциясы












