Жаздың алғашқы күнімен қатар келетін Халықаралық балаларды қорғау күні – бүлдіршіндерге деген қамқорлықты көрсететін ерекше мереке. Осыған орай бүгін орталық алаңда Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбектің қатысуымен «Бала күлкісі – бейбіт өмірдің белгісі» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Балалардың шаттығын еселеп, шығармашылығы мен өнерін дәріптеуге бағытталған салтанатты шара «Балалық шақтың бояулы бағы» тақырыбындағы жас бүлдіршіндердің ашық алаңдағы сурет байқауынан басталды. Түрлі-түсті бояулармен салынған суреттер арқылы балалар өз қиялындағы бақытты балалық шақты бейнеледі.
Сонымен қатар бірнеше спорт түрлері өткізіліп, жас спортшылардың шеберлігі көрсетілді. Шара барысында арнайы әзірленген фотозоналар балалардың қызықты естелік сәттеріне айналса, балабақшалардың ойын және шығармашылық орталықтарының көрмесі мектепке дейінгі ұйымдарда атқарылып жатқан жұмыстарды көпшілікке таныстырды.
Салтанатты жиында аудан басшысы Жандос Еркінбек бүгінгі мерекемен құттықтап:
«Бала – баршамыздың бақытымыз, болашағымыз. Бүгінгі гүлдей жайнаған бүлдіршіндеріміз — ертеңгі қасиетті даламызды нұрға бөлейтін еліміздің тірегі, ата-бабамыздан қалған жеріміздің иесі. Сондықтан жас өрендер мен балдырғандар бүгінгі мерейлі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, болашақтарыңыз жарқын, аспандарыңыз ашық болсын»,- деп өзінің білімі мен тәжірибесін аямай, адал еңбек етіп жүрген барша тәрбиешілерге алғысын білдірді.
Мерекелік бағдарламада аудан балабақшаларының бүлдіршіндері өз өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ аудан өнерпаздарының шығармашылық ұжымдары концерттік бағдарлама ұсынып, мерекенің ажарын аша түсті.
Айта кетсек қазір таңда жалпы аудан бойынша 45 мектепке дейінгі ұйымда 4000-ға жуық бала тәрбиеленіп келеді.
Фото: Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *