Қызылорда облысы Қармақшы ауданына қарасты 2 мыңға жуық халқы бар Ақжарда кейінгі жылдары абаттандыру және өзге де инфрақұрылымы дамып келеді, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Құрылғалы тура 70 жыл болған осы ауылдың бар тіршілігі – егіс. Сыр салысын баптайды. Одан бөлек, «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасымен кәсібін дөңгелеткендер баршылық. Олардың бірі – май сығу цехын ашса, енді бірі көлік жуу орталығын іске қосқан. Сондай-ақ асыл тұқымды төл басын көбейтуге кіріскен кәсіпкерлер де жеткілікті. Қазір елді мекенде жол жөнделіп, кейбір көшелеріне асфальт жабындысы төселуде. 

– Біздің Ақжарда жалпы ұзындығы 16,5 шақырымды құрайтын 20 көше бар. Жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде қазір жолдардың 95 пайызы толықтай асфальтталған десек болады. Бұл – тұрғындар сұранысымен істеліп жатқан жұмыс. Биыл қосымша екі көше жөнделуде. Оған 286 млн теңгеден астам қаржы қаралған, – дейді ауылдық округ әкімі Нұржамал Тұрсынбаева.

Әкімнің сөзінше, елге керекті әлеуметтік ғимараттар да толық жаңартудан өткен. Мектеп 2022 жылы күрделі жөндеуден өткізілсе, 2024 жылы жаңа дәрігерлік амбулатория салынды. Ал былтыр балабақша демеушілер есебінен қайта жөнделіпті. Ендігі мақсат – ауыл көшелеріне толық асфальт төсеп, сондай-ақ елді мекенге газ тарту жұмыстарын қолға алу.

– Ақжардағы Ораз ахун және Жалғасбай Тұяқбаев көшесін асфальттау жұмысын бастадық. Екі көшенің жалпы ұзындығы – 2,7 шақырым. Тапсырыс беруші – ауылдық округ әкімдігі. Қазір жеті техника, 12 адам осы құрылыстың басында. Қосымша екі ауыл тұрғынын жұмысқа алдық. Алдағы шілде айының басында жол құрылысын аяқтаймыз, – дейді «Жаңақорған Жібек жолы» ЖШС директоры Әділжан Дәумен.

Былтыр ғана облыстық «Үздік елді мекен» байқауында жүлде алған Ақжар ауылында аяқсу мәселесі шешілген. Жүлдеге берілген «МТЗ-80» тракторы бүгінде ауылдағы ағайынның бақшалық жұмыстарында пайдаға асуда. Қазір ауыл маңындағы 40 гектар жерге ақжарлықтар картоп, асқабақ, қауын мен қарбыз тұқымын тастады. Мұнан бөлек, ауылдағы екі ірі шаруашылық, сондай-ақ қосымша серіктестіктер 2 мың гектарға жуық жерге күріш еккен.

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *