Зеленский Путинмен тікелей келіссөздерге дайын екенін айтты
Владимир Зеленский АҚШ-тан Ресеймен соғысты аяқтауға көмек күтетінін мәлімдеді. Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуге дайын екенін айтты.
Бұл туралы ол Киевте өткен Украина–НАТО кеңесінің отырысынан кейін Марк Рюттемен бірлескен брифинг барысында мәлімдеді.
Владимир Зеленский АҚШ-тан Ресеймен соғысты аяқтауға жәрдем күтетінін жеткізді.
«Біз америкалық тараппен тұрақты байланыстамыз. Келіссөздер тобының келуін күтіп отырмыз, бірақ ол ұзаққа созылып кетті. АҚШ үшін Иран мәселесі бірінші орында тұр. Өкінішке қарай, біз осы соғыстардың кезегінде тұрмыз. Менің ойымша, АҚШ — Путинді соғысты тоқтатуға мәжбүрлей алатын ең күшті тарап. Сондықтан мен әрдайым біз үшін ең тиімді нұсқа — келіссөздерге АҚШ пен Еуропаның қатысуы екенін айтып келемін. Біз үшін ең бастысы — соғысты аяқтау, мұның баламасы жоқ. Біз кез келген форматты қолдаймыз. Осы соғысты аяқтау үшін Путинмен тікелей келіссөздерге дайынмын», – деді Украина президенті.
31 мамырда Владимир Зеленский CBS арнасына берген сұхбатында Ресеймен әскери қақтығысты тоқтату үшін қыс басталғанға дейін дипломатиялық жол табу қажет екенін айтқан.
Ал 29 мамырда Ресей президенті Владимир Путин соғыс жағдайында қақтығыстың нақты қашан аяқталатынын айту мүмкін емес екенін мәлімдеді.
9 мамыр күні Владимир Путин журналистермен әңгіме барысында тараптар ұзақ мерзімді келісімге келгеннен кейін Владимир Зеленскиймен Ресейде немесе үшінші елде келіссөздер өткізу мүмкін екенін жоққа шығармады.
Фото: ашық дереккөз











