Елде 5 жылда 274 мәдени нысан салынды
Өнер өкілдерінің әлеуметтік әлеуетін арттыру мақсатында мемлекеттен мәдениет қызметкерлеріне 260 пәтер берілді,- деп хабарлайды fastnews.kz ақпараттық сайты. Сондай-ақ, саланы қолдау үшін бес жылда 274 нысан салынды. Бұл жайлы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, мәдени инфрақұрылымды жаңғырту, сала қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктерін күшейту, шығармашылық білім беруді дамыту және жас таланттарды қолдаудың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыру жөніндегі жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Аталған шаралар мәдени қызметтер сапасын арттыруға, ұлттық мұраны сақтау мен отандық өнерді елімізде әрі халықаралық деңгейде кеңінен дәріптеуге бағытталған.
Мәдени инфрақұрылымды дамыту
Мемлекет мәдени нысандар салу, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту және мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту шараларын кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді.
Соңғы бес жылда елімізде 274 мәдени нысан салынды, сондай-ақ тағы 1293 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 64 нысанның құрылысы жалғасын тауып, 130 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Театр инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінініп отыр. Кейінгі жылдары Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық академиялық музыкалық-драма театры, Түркістан қаласындағы музыкалық-драма театры және Петропавл қаласындағы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының жаңа ғимараттары пайдалануға берілді.
Бұл бағыттағы жұмыстар қазір де жалғасуда. Бүгінгі таңда Ақтөбе және Қонаев қалаларындағы драма театрларында жаңа ғимараттар құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Шымкент қаласында опера театрының, Қызылорда қаласында драма театрының және Семей қаласында музыкалық-драма театрының құрылысын жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар қолданыстағы мәдениет мекемелерін жаңғырту жұмыстары жалғасып келеді. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мен Наталия Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театры ғимараттарын реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде.
Демеушілік қаражат есебінен Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында да жөндеу және жаңарту жұмыстары атқарылды. Атап айтқанда, кіреберіс бөлігі қайта жаңғыртылып, залдар мен қызметтік үй-жайлар жаңартылды.
Музей және туристік инфрақұрылымды дамыту да басым бағыттардың бірі болып қала береді. 2025 жылы Астана қаласында жаңа Өнер музейі ашылды. Түркістан облысындағы «Сауран» және «Гауһар ана» визит-орталықтары мен Алматы облысындағы «Есік» визит-орталығының құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар Бозоқ көне қалашығының археологиялық қазба жұмыстары негізінде құрылған ашық аспан астындағы ұлттық парк аумағында ортағасырлық сәулет үлгісіндегі қоршау салу жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Бұдан бөлек, демеушілік қаражат есебінен былтыр Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік музейдегі желдету және ауа баптау жүйелері жаңартылды.
Өңірлердегі мәдениет үйлерінің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жүйелі жұмыс «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Бұл бастама өз кезегінде ауылдық және өңірлік мәдениет ошақтарының мүмкіндіктерін кеңейтіп, халыққа көрсетілетін мәдени қызметтердің сапасын арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 2027 жылға дейін кітапханаларды жаңғырту жөніндегі жол картасы жүзеге асырылуда. 2025 жылы Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында 3 жаңа кітапхана салынды. Сондай-ақ 13 кітапханаға күрделі жөндеу, 64 кітапханада ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді және 197 кітапхананың материалдық-техникалық базасы жаңартылды.
Шығармашылық білім беру саласында да маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Алматыда Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының және Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің студенттеріне арналған 500 орындық жатақхананың құрылысы басталды.
Сонымен қатар, Александр Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің ғимаратын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Үш мамандандырылған музыкалық мектеп үшін жаңа ғимараттардың құрылысы пысықталуда: эскиздік жобалар дайындалып, ЖСҚ әзірлеу басталды.
Өңірлерде шығармашылық білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесіп, Петропавл қаласында К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің өкілдігінің ашылуы пысықталуда. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен ынтымақтастық негізінде мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде жыл сайын 100 талапкерді қабылдай отырып, 9 білім беру бағдарламасы бойынша кадрлар даярлау жоспарлануда.
Жалпы алғанда, бүгінде Астана мен Алматыда өнердің барлық бағыттары бойынша кадрлар даярлайтын 4 шығармашылық ЖОО жұмыс істейді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Мәдениет және өнер факультеті базасында Шымкентте жаңа мәдениет және өнер университетін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Кино және драматургия, кино және ТВ режиссурасы, графика, мультимедиа және медиа менеджментті қоса алғанда, мәдениет саласына техникалық мамандарды даярлауға басты назар аударылмақ.
Шығармашылық жастарды қолдау үшін жыл сайын жоғары оқу орындарында оқуға 1000-нан астам грант және колледждерге 500-ден астам грант бөлінеді.
Мәдениет қызметкерлеріне арналған әлеуметтік кепілдіктер
Бұл ретте көрнекті мәдениет және өнер қайраткерлерінің жекелеген санаттары үшін қосымша әлеуметтік кепілдіктер көзделген. «Қазақстанның Еңбек Ері», «Халық әртісі», «Халық жазушысы» атақтарын қоса алғанда, жоғары мемлекеттік атақтар мен наградаларға ие болған адамдар, мемлекеттік сыйлықтардың лауреаттары, сондай-ақ ұлттық академиялардың академиктері тегін амбулаториялық-емханалық қызмет алуға және медициналық қамсыздандыруға құқылы. Бүгінде ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығында осындай құрметті атақтардың 494 иегеріне қызмет көрсетіледі.
Бұдан басқа, азаматтардың осы санаттарына және олардың жұбайларына жылына бір рет Қазақстанда тегін санаториялық-курорттық емдеу және сауықтыру демалысы беріледі.
Қазақстанда жалпы әлеуметтік кепілдіктермен қатар мамандығы ерекше физикалық жүктемелермен және еңбек жағдайларымен байланысты әртістер үшін де арнайы қолдау шаралары қарастырылған. «Мәдениет туралы» заңға сәйкес кемінде 20 жыл кәсіби өтілі бар және зейнеткерлік жасқа дейін мамандығы бойынша жұмысын аяқтаған балет әртістері ай сайынғы ақшалай төлемдер ала алады.
Бүгінде мұндай қолдауды 56 қызметкер алып отыр, олар – hеспубликалық опера және балет театрларының 49 әртісі, сондай-ақ Астана, Алматы және Қарағандыда 7 қызметкер. Жыл сайын осы мақсаттарға республикалық бюджеттен 89 млн теңге бөлінеді.
2024 жылдың қаңтар айынан бері мұндай шара мемлекеттік мекемелердегі халық биі әртістері үшін де, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін де қолданылады. Төлем жұмыс беруші соңғы жеті жыл ішінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеген жағдайда 55 жастан бастап тағайындалады. Ол зейнеткерлік жасқа толғанға дейін беріледі, жеке табыс салығы салынбайды және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жүзеге асырылады.
Мәдениет саласы қызметкерлерін тұрғын үймен қолдау
Мәдениет саласының мамандары тұрғын үйді қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларына жалпы негізде қатыса алады. Сонымен қатар, бірқатар өңірлерде әлеуметтік сала қызметкерлері үшін қосымша қолдау шаралары қарастырылған. Олардың қатарында қызметтік және жалдамалы тұрғын үй беру, сондай-ақ жеңілдетілген шарттармен несие ұсыну тетіктері бар.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Мәдениет және ақпарат министрлігі сала қызметкерлерін қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. 2024 жылы министрліктің Астана қаласындағы ведомстволық бағынысты ұйымдарында жұмыс істейтін қызметкерлерге 200 пәтер берілді.
Бұл жұмыс 2026 жылы да жалғасын тапты: Алматы қаласындағы мәдениет ұйымдарының қызметкерлеріне қосымша 60 пәтер бөлінді. Пәтер кілттерін табыстау рәсімі Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері бірлесіп ұйымдастырды.
Жалпы, Мемлекет басшысының қолдауымен мәдениет саласының қызметкерлеріне 260 пәтер берілді. Бұл шаралар мамандардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға, саладағы білікті кадрларды тұрақтандыруға және мәдениет саласындағы мамандардың беделін көтеруге ықпал етеді.
Шығармашылық жастар мен мәдениет қайраткерлерін мемлекеттік қолдау
Қазақстанда мәдениет, әдебиет қайраткерлері мен шығармашыл жастарды қолдау бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылуда.
2023 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Президенті жас жазушылар мен ақындарға арналған арнайы әдеби сыйлықты табыстап келеді. Оның лауреаттары болып 12 автор танылды, жалпы берілген сыйлық көлемі 50 млн теңгені құрады. Марапат төрт бағыт бойынша беріледі: проза, поэзия, драматургия және балалар әдебиеті.
Ұлттық әдеби «Айбозды» сыйлығы да жалғасып келеді. 2022 жылдан бері оның лауреаттары қатарында 28 қаламгер бар, ал жалпы жүлде қоры 140 млн теңгені құрады. Сыйлық қазіргі әдебиеттің негізгі жанрларын қамтиды, соның ішінде проза, поэзия, драматургия, аударма, балалар әдебиеті, әдеби сын және комикс бар.
Оқуға деген қызығушылықты арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. 2025 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алғаш рет республикалық деңгейде Ұлттық кітап күні аталып өтті. Соның аясында еліміз бойынша шамамен 300 іс-шара ұйымдастырылды. Сондай-ақ тоғыз номинациядан тұратын «Ұлттық кітап» байқауы өткізіліп, «Жыл кітабы» Гран-приі табысталды.
Жас жазушыларды қолдау мақсатында 2024–2025 жылдары арнайы гранттар 40 авторға беріліп, олардың нәтижесінде кітаптары жарық көрді. Сонымен қатар Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Ерлік пен еңбек дастаны» атты шығармашылық байқау өткізіліп, оның жеңімпаздары ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Дарынды жастарды қолдаудың негізгі құралдарының бірі – ғылым, шығармашылық және спорт салаларындағы жетістіктері үшін берілетін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы. Бүгінгі күнге дейін 380 адам лауреат атанды. Сыйлық иегерлеріне диплом, төсбелгі және 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталады.
2021 жылдан бастап Мемлекет басшысының бастамасымен жыл сайын «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты тағайындалып келеді. Оның мөлшері 3 млн теңгені құрайды. Бұл грант белсенді шығармашыл жастардың жаңа идеялары мен бастамаларын қолдауға бағытталған. Осы уақытқа дейін оның иегері атанғандар саны 153 адамды құрады.
Сонымен қатар жыл сайын 75 мәдениет қайраткеріне мемлекеттік стипендия тағайындалады. Биылдан бастап оның мөлшері екі есеге ұлғайып, 5 млн теңгені құрады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен дәстүрлі өнер шеберлерін қолдауға және ұлттық мәдени мұраға деген қызығушылықты арттыруға бағытталған «Асыл мұра» ұлттық сыйлығы құрылуда. Бұл марапат Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұсынысы негізінде Президент Жарлығымен мәдениет пен өнер саласындағы ең талантты өкілдерге табысталатын болады.
Бір уақытта ведомство шетелде танылған мәдениет өкілдерін ынталандырудың жаңа тетігін әзірлеуде. Қазірдің өзінде республикалық іріктеудің ережелері дайындалып жатыр, оның қорытындысы бойынша кемінде он елдің қатысуымен өтетін халықаралық байқаулар мен фестивальдердің жеңімпаздары мен лауреаттары марапатталады.
Марапаттар бірнеше бағыт бойынша беріледі деп жоспарланған: музыка, театр, хореография және балет, бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер, кино және анимация. Қазіргі уақытта бұл шараны 2027 жылдан бастап республикалық бюджет есебінен қаржыландыру мәселесі пысықталуда.
Сонымен қатар жоғары нәтижелерге қол жеткізген қатысушылар мен олардың тәлімгерлері ақшалай сыйақылар, гранттар, ведомстволық наградалар және арнайы төлемдер ала алады. Мұндай қолдаудың көлемі мен тәртібі іс-шараның деңгейіне, мекеме мәртебесіне және уәкілетті немесе жергілікті атқарушы органдардың шешімдеріне байланысты болады.
Жыл сайын еліміздің мәдениет пен өнер саласының дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалар мемлекеттік наградалармен марапатталады. 2026 жылы Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай 120 азамат марапатқа ие болды.
Жас дарындарды қолдау шығармашылық мектептер, гранттық бағдарламалар, байқаулар, фестивальдер, білім беру жобалары мен стипендиялар арқылы жүзеге асырылуда. Бұл жұмыста қоғамдық және қайырымдылық қорлар, сондай-ақ шығармашылық одақтар да маңызды рөл атқарады.
Соның айқын мысалдарының бірі – 2024 жылы көпұлтты «BIRLIK» ән-би ансамблі құрылды. Арнайы кастинг нәтижесінде ұжымға Қазақстанның түрлі этностарынан 20 үздік биші мен музыкант қабылданды.
Креативті индустрияларды дамыту қоры шығармашыл жастар үшін қосымша мүмкіндіктер ұсынады. Оның қызметі таланттарды қолдауға, инвестиция тартуға, инфрақұрылымды дамытуға және қазақстандық креативті өнімдерді сыртқы нарықтарға шығаруға бағытталған. Қор сондай-ақ елдің барлық облыс орталықтарындағы өңірлік хабтардың жұмысын үйлестіреді.
Шығармашыл жастардың шетелдік жоғары оқу орындарында оқуына және тағылымдамадан өтуіне мүмкіндіктер
Қазіргі уақытта қазақстандық шығармашыл жастар «Болашақ», Erasmus+, DAAD, Fulbright, Chevening және басқа да халықаралық бағдарламалар арқылы әлемнің жетекші университеттерінде білім алу мүмкіндігіне ие.
«Болашақ» стипендиясы аясында «Креативті индустриялар, шығармашылық, өнер» бағыты бойынша жыл сайын магистратура бағдарламаларына қабылдау жүргізіледі. Бағдарламаларға Royal Conservatoire of Scotland, University of Reading, Regent London, Stanford University, New York Film Academy және басқа да жетекші шығармашылық оқу орындары кіреді.
Бұдан бөлек, «Болашақ» бағдарламасы мәдениет саласы қызметкерлеріне арналған тағылымдамаларды, сондай-ақ шығармашылық жоғары оқу орындарының оқытушылары үшін ғылыми тағылымдамаларды да қарастырады. Бұл олардың біліктілігін және зерттеу деңгейін арттыруға бағытталған.
Басымдық берілген мамандықтар тізіміне арт-менеджмент, актерлік өнер, музыка және вокал, дирижерлік, дизайн, сәндік-қолданбалы және бейнелеу өнері, кескіндеме, мүсін өнері, операторлық өнер, режиссура, продюсерлік, театр, кино және ТВ, анимация және өнертану кіреді.
Үкімет жас орындаушыларға арналған фестивальдер мен байқаулар өткізеді, оның ішінде скрипкашылар, пианистер, балет әртістері, вокалистер және дәстүрлі орындаушылар арасындағы халықаралық жарыстар бар. Мұндай алаңдар жастардың шығармашылық әлеуетін ашуға және кәсіби дамуын қолдауға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында қазақстандық әртістер халықаралық беделді байқаулар мен фестивальдерде табысты өнер көрсетіп жүр. Бибігүл Төлегенованың байқауы, Петр Чайковский атындағы байқау, Екатерина Максимова атындағы «Арабеск», Витебск қаласындағы «Славян базары», сондай-ақ World Dance Council, World DanceSport Federation және International Dance Sport Union турнирлері сияқты бірқатар жарыстардың жеңімпаздарына гранттар беріледі және шығармашылық оқу орындарына конкурстан тыс түсуге мүмкіндік қарастырылған.












