«Назарбаевтың кезінде инфляция 5%-дан аспаушы еді…»
Соңғы постқа оқырманның бірі осындай пікір қалдырыпты. Ешкімнің ойын шектей алмаймыз ғой, пікір — өзінікі. Бірақ ойдан ой туатыны рас екен. Ойланып қалдым: Н. Назарбаев билікті тапсырған кез — 2019 жыл. Қазіргі жағдай түсінікті. Ал, расында, ол кезде инфляция қалай еді? 5% шамасында болғаны рас па? Рас болса, кейін неге өзгерді, неге өсті? Өсуіне не себеп болды?
Дереу Ұлттық банктің сайтын аштым да, 2018-2025 жылдар аралығында базалық ставка бойынша қабылданған шешімдерді шолып шықтым. Өйткені әр релизде инфляция туралы дерек бар еді.
Енді осыны түсіну керек. Олай болса, Орталық банктің жылдар бойы қабылдаған шешімдерін құрғақ цифрмен «шимайламай», қарапайым тілмен талдап көрейік.

2018–2019 жж.: «5 пайыздың» сыры
Расында да, дәл сол тұста жылдық инфляция 5,3–5,4% шамасында қалыпты болыпты. Базалық ставка — 9,25%.
Неге онда баға өспеді? Өйткені сол уақытта көкөніс, жеміс-жидек пен бензин бағасы төмен болып, әлемдік нарықта қазіргідей кескілескен шайқастар болған жоқ. Яғни, бұл жерде реттеушінің саясаты рөл ойнамайды. Жай ғана сол кезде сыртқы ахуал тыныш еді. Соған тұспа-тұс келді.
2020 жыл: Пандемия. Баға бағынбай кетті
Ол кез бәріміздің есімізде. Аты өшкір ковид келіп, әлем азан-қазан болғаны бар. Мұнай бағасы күрт түсіп, логистика сіресті де қалды. Бәріміз үйде қамалып отырғанда, инфляция бірден 7,3%-ке өрмелеп шыға келді. Әлемде тауар біткеннің бәрі қымбаттай бастады. Қазақстанда Ұлттық банк ставканы 9% деңгейінде ұстап баққанымен, сырттан келетін қымбатшылықты тоқтату оңай емес еді.
2021 жыл: Жаһандық дүмпу
Бұл — аяққа әупірімдеп тұрып жатқан әлемдік экономиканың есінен танып, есеңгіреп жатқаны кезі.
Пандемиядан кейін арқаны кеңге салып, жайбарақат өмірге көшкен жұрттың дені ақша шашып, тұтынар затын сатып ала бастады. Сұраныс өсті де, өндіріс оған жауап беріп үлгермеді. Әлемдік нарықта баға ұстатпай кетті. Қазақстан да тауарды сырттан қымбатқа әкеле бастады (оны экономистер «импортталған инфляция» дейді). Ұлттық банк амал жоқтықтан базалық ставканы жыл бойы көтеріп, желтоқсанда 9,75%-ке жеткізді.
2022 жыл: Тарихи «шок» және соғыс
Бұл енді ең ауыр жыл болды. Жыл соңында инфляция ауыздыққа ырық бермей, 19,6%-ке жетті! Базалық ставкада тарихи рекорд орнап, 16,75% болды.
Сонда не болды дейсіз ғой. Ресей мен Украина қақтығысып, соғыс өрті тұтанғанда әлемдік логистика мен сауда жүйесі күйреді. Көрші елдегі бағаның өсу лебі бізге де лап берді. Ел ішінде «ертең бәрі қымбаттайды» деген халықтың қорқынышы шегіне жетіп, дүкендегі заттарды қармай бастады.
2023–2025 жж.: Реформа кезеңі
Соңғы жылдары инфляция біршама бәсеңдегенімен, баяғы қалпына қайтып келген жоқ. Ол рас. Неге? Өйткені мемлекет жылдар бойы қолдан ұстап келген тетіктерін нарықтың ырқына жібере бастады.
Тариф реформасы: жарық, су, жылу, коммуналдық қызметтердің бағасы өсті. Өйткені елде инфрақұрылым тозған еді.
Жанар-жағармай нарығы: Бензин мен дизель бағасы нарық талабына қарай реттеле бастады.
2024 жылдың соңында ставка 15,25% болса, 2025 жылы инфляция 12,6% деңгейінде қалып, базалық ставка 18,0% болып бекітілді.
Енді осы факторлар жалпы қымбатшылыққа қалай әсер етті деген сұрақ туады. Жауабы қарапайым. Жарық, су, жылу мен бензин — кез келген тауардың «күретамыры». Нан пісіру үшін пешке тоқ пен су керек. Ал сол нанды дүкенге жеткізу үшін көлікке бензин керек. Осындай базалық шығындар өскесін кәсіпкер амалсыздан тауар бағасын көтереді. Яғни, тариф пен жанармайдың бағасы тізбектеле келе сөредегі сүттен бастап, үстіміздегі киімге дейін бәрін автоматты түрде өсіріп жіберді. Инфляцияның баяғы «5 пайызға» түспей, сіресіп тұрып алуының сыры сол еді. Оған ешкім (президент те) ықпал ете алмайды. Бағаны қолмен ұстап, процентті басқару мүмкін емес. Экономикадағы мұндай құбылыстар біреудің көңіліне қарап тұрмағанын жай ғана түсіндіргім келген. Пайдасын тапқан адам — алар, таппаса — тастар…
Жазба «ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» телеграм парақшасынан алынды












