Қазақстан Қара теңізде мұнай тиеуді тоқтатып, өндіріс көлемін уақытша қысқартты
Қазақстан Қара теңіздегі қауіпсіздік жағдайына байланысты мұнай тиеу жұмыстарын уақытша тоқтатып, мұнай өндіру көлемін азайтты. Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, мұндай шешім «кемелердің, экипаждардың және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында» қабылданған.
«Бұл ретте консорциумның (Каспий құбыр консорциумынының – ред.) барлық өндірістік және техникалық нысандары жарамды жағдайда, штаттық режимде жұмыс істеп тұр және жағдай қалыпқа келген бойда шикізатты қайта тиеуді дереу бастауға дайын», – делінген министрлік хабарламасында.
Сондай-ақ Энергетика министрлігі мұнай сақтау резервуарларының шамадан тыс толып кетуіне жол бермеу үшін мұнай өндіруші компанияларға өндіріс көлемін уақытша қысқарту жөнінде шешім қабылдағанын мәлімдеді.
«Бұл шара технологиялық сипатқа ие және өндірістік процестердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған», – делінген энергетика министрлігінің мәлімдемесінде.

Фото: Ашық дереккөз












