Студент қалай үй ала алады?
Былай қарасаң, мүмкін еместей көрінеді, иә? Өйткені банктің талабы бойынша ресми табыс көзің болуы шарт. Тіпті ол да көбіне аздық етеді. Ипотека ұсынатын кредиторлар зейнетақы жарнаңды да, кемі 6 айлық жұмыс өтіліңді де тексеріп алады. Талап — қатал.
Көп жағдайда студенттің жалғыз табысы — стипендия. Десе де, мұңаюға ерте. «Шанс» бар.
Бұл ретте екінші деңгейлі банктерді тізімнен сызып тастай беруге болады. Олар стипендияға қарап отырған студентті «менсіне қоймас». Себебі шәкіртақыны ресми табыс көзіне баламайды. Сосын көп банкте жас шектеуі бар — ипотека 21 жастан рәсімделеді.
Жалғыз үміт — «Наурыз» бағдарламасында
Бұл — Отбасы банктің өнімі. Білмеген болсаңыз айтайық, студенттер оған 18 жастан қатыса алады. Бұл — бір. Екінші — ең басты плюсі — бағдарлама стипендияны ресми табыс деп қабылдай береді.
Яғни, мемлекеттік грантта оқитын студенттердің баспана алуға толық қақы бар. Егер студент әрі оқып, әрі ресми жұмыс істесе, банк айлық пен шәкіртақыны қосып есептейді. Ол кезде студенттің мүмкіндігі екі есе артады.
Студентке қойылатын талап қандай?
Бағдарламаға қатысқың келсе, 3 шартқа жауап бересің:
1. Қазақстан азаматы немесе қандас болуың керек
2. Соңғы 5 жылда атыңда ешқандай баспана болмауы шарт.
3. Отбасы банктен депозит ашып, кемі 2 млн теңге жинау керек.
Егер ақша немесе табыс жетпесе?
Бұл ипотекаға бастапқы жарна керек. Оған ақша жетпей жатса, ата-ананың немесе туысыңның Отбасы банктегі депозитін өз салымыңмен біріктіре аласың. Олардың зейнетақы қорындағы артық ақшасын да тартуға болар еді, бірақ соңғы жаңалықтан хабардар боларсыз — жеткіліктілік шегі өсіп кетті. Қатардағы адамға Қордан ақша шығару қиын.
Табыс жетпеген жағдайда 2 қосалқы қарыз алушыны (созаемщик) тартуға болады. Олардың туыс болуы шарт емес. Ата-ананың, аға-әпкенің немесе сенімді адамның табысын қосып, ипотекаға өтінім беріп көруге болады.
«Наурыз» шарты
Проценттік ставка: 9% (әлеуметтік осал топтарға — 7%).
Бастапқы жарна:
10% — «чистовой» үйлерге;
20% — «черновой» немесе екінші нарықтағы үйлерге.
Несие сомасы:
Алматы мен Астанада — 36 млн теңгеге дейін
Аймақтарда — 30 млн теңгеге дейін.
Мерзімі: 19 жылға дейін.
Иә, биылға өтінім қабылдау жұмыстары аяқталды. Бірақ бағдарлама тағы 5 жыл жұмыс істейді. Сондықтан қазірден бастап дайындалуға уақыт бар. Ең бастысы, Бағдарламаны ұсынушы банктен депозит ашып, қазірден бастап алғашқы капиталды жинай беру керек.
/Жазба «ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» телеграм парақшасынан алынды

Фото: Ашық дереккөз












