13 шілдеден бастап талапкерлер eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы жоғары білімге арналған мемлекеттік гранттар конкурсына қатысу үшін өтінім бере алады.

Құжаттарды қабылдау 13 шілде күні сағат 09:00-де басталып, 20 шілде күні сағат 18:00-де аяқталады.

Биылғы жаңашылдықтың бірі – жүйе талапкердің мемлекеттік білім беру грантын конкурстан тыс негізде бұрын алған-алмағанын автоматты түрде тексереді. Бұл тексеру Ұлттық тестілеу орталығының деректері арқылы жүзеге асады. Егер грант талапкерге бұған дейін конкурстан тыс тәртіппен берілген болса, жүйе өтінім рәсімдеу кезінде тиісті хабарлама көрсетеді. Мұндай жағдайда қайтадан өтінім жолдаудың қажеті жоқ.

Ал қалған талапкерлер грант конкурсына белгіленген тәртіп бойынша қатысады. Егер талапкер жеңілдік қарастырылған санатқа жатса, оның мәртебесі өтінім беру барысында автоматты түрде расталады.

eGov.kz порталы арқылы өтінім беру үшін пайдаланушы «Азаматтарға» бөліміндегі «Білім» санатына өтіп, «Жоғары білім» қызметтерінің ішінен білім беру гранттарын тағайындау қызметін таңдауы қажет. Одан кейін онлайн өтінім толтырылып, электрондық қолтаңбамен расталады. Өтінімнің орындалу барысын жеке кабинеттен бақылауға болады. eGov Mobile қосымшасындағы рәсім де осыған ұқсас жүзеге асырылады.

Өтінім қабылдау кезеңінде жүйеге түсетін жүктеме артқан жағдайда eGov.kz порталында электрондық кезек механизмі іске қосылады. Пайдаланушының кезегі келген кезде қызмет автоматты түрде қолжетімді болады. Сонымен қатар кезектің жақындағаны туралы SMS-хабарлама алу мүмкіндігі қарастырылған. Ол үшін арнайы хабарлау қызметін қосу қажет. Хабарламалар мобильді азаматтар базасында тіркелген нөмірге 1414 арқылы жіберіледі.

Өтінім сәтті қабылданғаннан кейін талапкердің жеке кабинетінде грант конкурсына қатысқаны жөніндегі электрондық анықтама пайда болады.

Конкурс қорытындысы бойынша грант иегері атанған талапкерлердің жеке кабинетіне 10 тамыздан кешіктірмей электрондық сертификат жолданады. Ал грантқа ие болмаған азаматтарға тиісті хабарлама жіберіледі.

Сонымен қатар талапкерлер мемлекеттік гранттардан бөлек басқа да білім беру гранттары туралы ақпаратпен арнайы сілтеме арқылы таныса алады.

Фото: Ашық дереккөз

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *