Қостанайлық курсант Азия чемпионы атанды
Филиппинде өткен Азия және Океания чемпионатында Қазақстанның көк байрағын биікке көтеріп, Азия чемпионы атанған Қостанай академиясының курсанты Арай Төлеубай бұл жеңіске ұзақ жылғы еңбектің арқасында жеткен. Жас спортшы бүгінде оқу мен спортты қатар алып, әлемдік аренадағы жаңа белестерді бағындыруды мақсат етіп отыр.
Спорттық жол
Азия чемпионатына жету жолы оңай болған жоқ. Спортшы алдымен Қазақстан Республикасы чемпионатында жүлделі орын алып, құрлық біріншілігіне қатысу мүмкіндігіне ие болды. Оның айтуынша, Азиядағы алтын медаль – бір ғана жарыстың емес, бірнеше жылдық еңбектің нәтижесі.
– Қазақстан Республикасы чемпионатында жүлделі орын алып, Азия чемпионатына қатысуға мүмкіндік алдым. Бұл жарыстағы жүлдем – соңғы үш жылдың еңбегі десем болады. Азия чемпионатына аттанар алдында Алматы қаласы маңындағы Жанашар ауылында екі апталық оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Сол дайындықпен Азияға аттандық», – дейді чемпион.
Финалдық кездесу тартысқа толы болған. Қарсыластардың барлығы жоғары деңгейде дайындалып келгенімен, қазақстандық спортшы жеңіске деген жігерінің арқасында алтын медальға қол жеткізді.
– Барлық қарсылас тыңғылықты дайындықпен келген. Бірақ ақтық сын қиынға түсті. «Күміс қолда, алтын жолда» демекші, бар ойым алтынды иелену болды. Ал жеңіс тұғырына көтеріліп, Қазақстанның Әнұраны шырқалған сәт өмірімдегі ең ұмытылмас сәттердің біріне айналды. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Көк Туымыз желбіреп, Әнұранымыздың шырқалғаны мен үшін қайталанбас керемет сезім», – дейді Арай.
Арайдың спортқа бет бұрысы, нақты айтқанда күреске келуі мектеп қабырғасынан, яғни 7 сынып оқып жүргенде басталған. Алғашында достарымен бірге қызық көріп барып жүрген ол, кейін өзіне ерекше әсер еткенін айтады. Ал жауынгерлік самбоны 2025 жылдан бері меңгерген. Курсант қыздың бүгінде жетістіктері аз емес. Ол Қазақстан Республикасы чемпионатының үш мәрте жүлдегері әрі жеңімпазы, Азия чемпионатының екі мәрте қола жүлдегері. Биылғы алтын медаль оның спорттық жолындағы ең маңызды белестердің біріне айналды.
– Ең маңызды жетістіктерімнің бірі – Қазақстан Республикасының чемпионаты. Үш рет жүлдегер әрі жеңімпаз болдым. Азия чемпионатының екі мәрте қола жүлдегері атанып, енді чемпион атандым. Осы нәтижелердің арқасында спорт шебері атағының нормативін орындадым», – дейді спортшы.
Курсанттық өмір
Азия чемпионы болу – күнделікті тәртіп пен қажырлы еңбектің нәтижесі. Қостанай академиясының курсантының бір күні таңғы дене шынықтырудан басталады. Одан кейін оқу сабақтарына қатысып, кәсіби білімін жетілдіреді. Сабақ аяқталған соң жаттығу залына барып, бірнеше сағат бойы физикалық және техникалық дайындығын шыңдайды. Кешкі уақытта келесі күнгі сабақтарына дайындалып, демалуға уақыт бөледі. Оның айтуынша, дәл осы тәртіп оқу мен спортты қатар алып жүруге мүмкіндік береді.
– Мектеп кезінен бастап оқу мен спортты қатар алып жүргендіктен, бүгінгі күні барлығымен бірдей айналысу қатты қиын деп айта алмаймын. Жаттықтырушы ағайларымыз, академия басшылығы қолдап, көптеген жарыс пен оқу-жаттығу жиындарына қатысуыма мүмкіндік жасап келеді. Болашақ қызметкер және спортшы ретінде шыңдалуыма көмектесті. Оқытушылар да сабақ бойынша түсінбеген жерімізді түсіндіріп, әрдайым қолдау көрсетеді», – дейді курсант.
Алдағы жоспары да айқын. Ол ендігі кезекте әлемдік аренада үздіктер қатарында бой көрсеткісі келеді. Қостанай академиясының курсантының бұл жеңісі – табандылық пен еңбектің көрінісі. Жас спортшы алдағы уақытта да халықаралық ареналарда Қазақстанның көк байрағын биікте желбіретуге ниетті.
Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ,
Диана ИСКАКОВА
Қостанай қаласы










