Қармақшы ауданының бюджеті 5,9 млрд-қа ұлғайтылып, 15 млрд теңгеге жетті
Қармақшы ауданында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша тұрақты оң серпін сақталуда. Бұл туралы Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде аудан әкімі Жандос Еркінбек мәлімдеді.
Брифинг барысында аудан басшысы өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталып, барлық негізгі бағыттар бойынша жоспарлы жұмыстардың жүйелі жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
– Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жыл сайын артып келеді. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында негізгі көрсеткіштердің барлығы бойынша оң нәтижеге қол жеткізілді. Бұл – мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуы мен атқарылған жұмыстардың нақты нәтижесі, – деді аудан әкімі.
2026 жылға аудан бюджеті бастапқыда 9,0 млрд теңге көлемінде бекітілген болатын. Шілде айындағы нақтылау барысында бюджет көлемі 5,9 млрд теңгеге ұлғайтылып, жалпы көлемі 15,0 млрд теңгені құрады.
2026 жылдың қаңтар–маусым айларының қорытындысы бойынша аудан бюджетінің түсімдері 4,9 млрд теңгені құрап, жоспар 102,5 пайызға орындалды.
Сонымен қатар, аудандық бюджеттің меншікті кірістері алғашқы алты айда 1,6 млрд теңгені құрап, бекітілген жоспар 108,4 пайызға орындалды. Нәтижесінде жергілікті бюджетке жоспарланған межеден 121,5 млн теңге артық қаражат түсті.Брифинг барысында аудан әкімі барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық бағыттар бойынша 100 пайыздан жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілгенін атап өтіп, алдағы кезеңде де өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНЫҢ ДАМУ ҚАРҚЫНЫ САҚТАЛУДА
Қармақшы ауданында ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Брифинг барысында аудан басшысы ауыл шаруашылығы аудан экономикасының негізгі салаларының бірі екенін атап өтіп, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды.
– Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының басты қозғаушы күштерінің бірі. Сондықтан егін шаруашылығын әртараптандыруға, су ресурстарын тиімді пайдалануға және ауыл шаруашылығы өндірісінің өнімділігін арттыруға ерекше мән беріп келеміз. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасады, – деді аудан әкімі.
2026 жылы ауданда жалпы көлемі 24 788 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде 11 449 гектары күріш болса, биыл алғаш рет 733 гектар алқапқа дәндік жүгері егілді.
Сонымен қатар, елді мекен тұрғындарын бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында 960 отбасыға 420 гектар жер бөлініп, қосалқы шаруашылықты дамытуға қолдау көрсетілді.
Биыл Қармақшы ауданына 522,3 млн текше метр су лимиті бекітілген. Бүгінгі күнге дейін егістік алқаптарына 311,2 млн текше метр су жеткізіліп, бұл жоспардың 59,5 пайызын құрады. Алдағы кезеңде тағы 211,1 млн текше метр су алу жоспарланып отыр.
Ауыл шаруашылығымен қатар мал шаруашылығы саласында да оң көрсеткіштер қалыптасуда. 2026 жылдың қаңтар–мамыр айларының қорытындысы бойынша ауданда барлық түлік мал басының өсімі қамтамасыз етілді.
Брифингте су ресурстарын тиімді пайдалану және ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарына ерекше назар аударылды. Су үнемдеу технологияларын енгізу мақсатында жалпы ұзындығы 88,5 шақырымды құрайтын 12 каналды бетондау бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Жобалардың жалпы құны 26,7 млн теңгені құрайды.
Сондай-ақ, Т.Көмекбаев ауылдық округінің «Қарақ» учаскесіндегі 5 көзді гидротехникалық құрылысқа 19,5 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда су тоспасы қалыпты режимде жұмыс істеуде.
Ал Иіркөл ауылдық округіне қарасты «Жапалақ» каналының 4,5 шақырым бөлігіне 7,0 млн теңге көлемінде механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Аудан әкімі егін орағының нәтижесіне қарай су тұтынуы төмен ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарланып отырғанын атап өтіп, су ресурстарын тиімді пайдалану мен ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫНДА КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА
Кәсіпкерлікті дамыту, мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру аудан экономикасын әртараптандырудың басым бағыттарының бірі болып табылады. Осы мақсатта кәсіпкерлерге қолдау көрсету және жаңа өндірістерді іске қосу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
2026 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша ауданда 2 837 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде 2 701 субъект белсенді қызмет атқарып, белсенділік деңгейі 95,2 пайызды құрады.

Жыл басынан бері мемлекеттік қаржылай қолдау бағдарламалары аясында жалпы құны 326,6 млн теңге болатын 37 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 35 жобаға 292,6 млн теңге, ал Аграрлық несие корпорациясы арқылы 2 жобаға 34,0 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді.
Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытында да жүйелі жұмыстар жалғасуда. Өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен жалпы құны 67,5 млрд теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба мақұлданып, сүйемелдеуге алынды.
Аталған жобалар толық іске қосылған кезде 168 жаңа жұмыс орны құрылып, ауданның өндірістік әлеуетін арттыруға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
АУДАНДА БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ ЖЕТІСТІКТЕР АРТЫП КЕЛЕДІ
Білім беру – елдің зияткерлік әлеуетін қалыптастырып, тұрақты дамуына негіз болатын маңызды сала. Осы бағытта ауданымызда сапалы білім беру мен өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
2025–2026 оқу жылында аудан бойынша 14 872 оқушы білім алды. Биыл мектепті 903 түлек тәмамдап, олардың 823-і немесе 91,1 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға тіркелді.
Оқу жылының қорытындысы бойынша 61 түлек «Алтын белгі» иегері атанса, 80 түлек «Үздік аттестатқа» ие болды.

Республикалық пән олимпиадасының облыстық кезеңіне ауданнан 123 оқушы қатысып, олардың 38-і жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар, 21 оқушы Алғыс хатпен марапатталды.
Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша ауданның 2 түлегі 137 балл жинап, жоғары нәтиже көрсетті.
Бұл көрсеткіштер ауданның білім беру саласында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың тиімділігін айқындап, оқушылардың білім сапасы мен бәсекеге қабілеттілігінің артып келе жатқанын көрсетеді.
ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДА ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА
Халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету бағытында ауданның денсаулық сақтау саласында жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Аудандық аурухана жалпы құны 584 млн теңгені құрайтын жаңа медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, тұрғындарға заманауи талаптарға сай медициналық қызмет көрсетуде.
Жедел медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру мақсатында аудандық жедел медициналық көмек бөлімшесіне жеке ғимарат берілді.
Қазіргі таңда аудан орталығындағы медициналық ұйымдарда халыққа қызмет көрсету үшін 6 санитарлық автокөлік пайдаланылуда.
Ауылдық елді мекендердегі 6 дәрігерлік амбулатория мен шалғайдағы 1 фельдшерлік пунктте тұрғындарға жедел медициналық көмек көрсету мақсатында 6 жедел жәрдем автокөлігі қызмет атқаруда.
Сонымен қатар, Аудан бойынша бюджеттен тыс демеушілердің қолдауымен әлеуметтік көмекке мұқтаж 605 азаматқа 11,3 млн теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетілді. Оның аясында азық-түлік себеттері мен өзге де қажетті әлеуметтік көмектер табысталды.
ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ – БАСТЫ НАЗАРДА
Халықты әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамтуды арттыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту – ауданның әлеуметтік саясатындағы басым бағыттардың бірі.
2026 жылдың алғашқы 6 айында жұмыс іздеуші ретінде «Мансап» орталығына 2 925 адам жүгініп, олардың 1 027-сі тұрақты және уақытша жұмыс орындарына орналастырылды.
Есепті кезеңде әлеуметтік қолдау шараларына 112,1 млн теңге бағытталып, 380 азамат жұмыспен қамтылды.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек аясында 82 отбасыға 30,7 млн теңге төленді. Сонымен қатар, аталған отбасылардағы 128 балаға 3,1 млн теңге көлемінде қосымша әлеуметтік көмек көрсетілді. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы 13 жұмыссыз азамат тұрақты жұмыспен қамтылды.
Мектепке қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында 105 ерекше білім беру қажеттілігі бар балаға 6,7 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек тағайындалды.
Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай 269 ардагер мен оларға теңестірілген азаматтарға 56,1 млн теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек берілді. Оның ішінде тыл еңбеккерлері, Ауған соғысының ардагерлері, Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қимылдарға, Таулы Қарабах пен Ирактағы бітімгерлік миссияларға қатысушылар, Чернобыль апатын жоюшылар, Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккендер және басқа да санаттағы азаматтар қамтылды.
Тұрғын үй-коммуналдық шығындарын өтеу мақсатында 251 отбасыға (535 отбасы мүшесіне) 15,5 млн теңге көлемінде тұрғын үй көмегі төленді.
Жұмыспен қамтудың белсенді шаралары аясында 22 жас маман жастар тәжірибесіне, 4 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына, ал 341 адам қоғамдық жұмыстарға жолданды.
Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жалпы құны 3,0 млрд теңгені құрайтын 100 екі пәтерлі тұрғын үйді сатып алуға қаржы қарастырылып, құрылыс жұмыстары басталды.
Әлеуметтік қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғасып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
СПОРТ САЛАСЫН ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ҚАРҚЫНДЫ ЖАЛҒАСУДА
Ауданда бұқаралық спортты дамыту, спорттық инфрақұрылымды жетілдіру және жоғары жетістіктер спортын қолдау бағытында жұмыстар жүзеге асырылуда.
Биылғы жылдың маңызды оқиғаларының бірі – 17–23 маусым аралығында ауданымызда алғаш рет ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатының өткізілуі болды. Дүбірлі додаға еліміздің 14 облысынан 300-ге жуық спортшы қатысып, ауданның спорттық әлеуетін танытуға мүмкіндік берді.
Спортшылардың жетістіктері де жыл сайын артып келеді. Биыл Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командаларының қатарына ауданнан 9 спортшы қабылданды. Сонымен қатар, халықаралық және республикалық жарыстарда аудан спортшылары 13 медаль жеңіп алып, жоғары нәтиже көрсетті. Жыл басынан бері 11 спортшы түрлі спорттық дәрежелерге ие болды.
Халықтың спортпен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай жасау мақсатында ауданда құны 11,5–36,8 млн теңге аралығындағы бірнеше спорт және ойын алаңдарының құрылысы жүргізілуде.
Ұлттық спортты дамыту бағытында да маңызды жобалар қолға алынған. Ауданда алғаш рет демеушілердің қолдауымен, «Ақтөбе и К» ЖШС-нің демеушілігімен Ақтөбе ауылында жалпы құны 80 млн теңгені құрайтын ипподромның құрылысы жүргізілуде. Нысанды ағымдағы жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
МӘДЕНИЕТ ПЕН ӨНЕР САЛАСЫН ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА
Ауданда мәдениет саласының әлеуетін арттыру, тұрғындардың рухани өмірін байыту және тарихи-мәдени мұраны сақтау бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінде аудан бойынша 34 мәдениет мекемесі халыққа қызмет көрсетуде. Мәдениет ұйымдары жанынан 120 шығармашылық үйірме жұмыс істейді. 2026 жылдың алғашқы 6 айында тұрғындардың мәдени-рухани дамуын қамтамасыз ету мақсатында 877 мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылды.
Мәдениет ұйымдарының жанындағы үйірмелердің қатысушылары түрлі деңгейдегі 28 байқауға қатысып, 50 жүлделі орынға ие болды.
Жыл басынан бері мәдениет ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 2,5 млн теңге бөлініп, Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйіне музыкалық аспаптар мен ұлттық киімдер сатып алынды. Оның ішінде 1,2 млн теңгеге ұлттық киімдер, 1,3 млн теңгеге барабан құрылғылары алынды.
Тарихи-мәдени мұраны сақтау бағытындағы жұмыстар да тұрақты жалғасуда. Қазіргі таңда аудан бойынша 66 тарих және мәдениет ескерткіші мемлекет қорғауына алынған.
2025 жылы аудандық бюджеттен 8,7 млн теңге бөлініп, 15 ескерткішке құжаттандыру жұмыстары жүргізілсе, 2026 жылы 4,7 млн теңге қаралып, 7 ескерткіштің құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүзеге асырылуда.
ЖАСТАРДЫҢ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУ БАҒЫТЫНДАҒЫ БАСТАМАЛАР
Жастардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау, олардың белсенділігін арттыру және әлеуетін қолдау бағытындағы жұмыстар ауданда тұрақты түрде жүзеге асырылуда.
Аудан жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында жыл басынан бері түрлі форматтағы 88 іс-шара өткізіліп, оған 6 мыңнан астам жас қатысты.
Жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға бағытталған «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы жобасы аясында 2026 жылы 110 жасты жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінгі таңда маусым-шілде айларында 80 жас жұмыспен қамтылса, тамыз айында тағы 30 жасты жұмыспен қамту көзделіп отыр.
2026 жылдың «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жариялануына сәйкес, жастардың цифрлық сауаттылығын арттыру бағытында аудандық «Руханият» орталығында IT Park Qyzylorda орталығының филиалы ашылып, өз жұмысын бастады.
Аталған орталықта жастарға жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және IT бағыттары бойынша тегін білім алып, заманауи дағдыларды меңгеруге мүмкіндік жасалған.
ИНЖЕНЕРЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Ауданда тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, елді мекендерді табиғи газбен және сапалы электрмен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Газдандыру саласында биыл республикалық бюджеттен 250,0 млн теңге бөлініп, Иіркөл және Төребай би ауылдарына газ желілерін тарту жобалары іске асырылуда. Оның ішінде Иіркөл ауылын газдандыру жобасының жалпы құны 378,9 млн теңгені, ал Төребай би ауылындағы жобаның құны 497,1 млн теңгені құрайды.
Қазіргі таңда аудан халқының 74,8 пайызы табиғи газдың игілігін көріп отыр. Жоспарланған жобалар толық іске асырылғаннан кейін бұл көрсеткіш 77,3 пайызға дейін артады.
Сонымен қатар, демеушілердің қолдауымен ІІІ Интернационал ауылын газдандыруға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Ал Ақтөбе және Ақжар ауылдарын газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындауға қатысты келіссөздер жүргізілуде.
Электр желілерін жаңғырту бағытындағы жұмыстар да жүйелі жалғасуда. 2024 жылы ауданның 2 ауылдық округінде, 2025 жылы тағы 2 ауылдық округте электр беру желілері қайта жаңғыртылды.
Ал биыл жалпы құны 1,7 млрд теңгені құрайтын 4 ауылдық округтің электр желілерін жаңғыртуға қажетті қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланып отыр.
Жоспарға сәйкес, 2028 жылға дейін аудан аумағындағы тозығы жеткен электр желілерінің 90 пайызы кезең-кезеңімен жаңартылатын болады.
ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ БОЙЫНША АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Ауданда жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
2026 жылы жол инфрақұрылымын күтіп ұстау жұмыстарына 37,4 млн теңге бөлініп, мердігер мекеме аудан көлеміндегі автомобиль жолдарын, көше жарықтандыру желілерін және жаяу жүргіншілер жолдарын күтіп ұстау жұмыстарын атқаруда.
Биыл аудан бойынша жалпы құны 1,7 млрд теңгені құрайтын 5 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, облыстық маңызы бар «Жалағаш–Жосалы» автомобиль жолының 46-шақырымында, Қызылтам елді мекені тұсындағы теміржол арқылы өтетін көпірді күрделі жөндеуге 1,4 млрд теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Жол желісін кезең-кезеңімен жаңғырту мақсатында демеушілердің қолдауымен жалпы құны 3,4 млрд теңгені құрайтын 38 көшені жөндеу бойынша жобалық құжаттамалар әзірленді. Қаржыландыру мәселесі оң шешімін тауып, жөндеу жұмыстары 2026–2028 жылдары кезең-кезеңімен іске асырылады.
Сондай-ақ, Жосалы кентіндегі Мырзағалиева көшесінен теміржол өткелін салу жобасы бойынша барлық қажетті құжаттар рәсімделіп, тиісті мемлекеттік органдардың келісімдері алынды. Қазіргі таңда жобаны қаржыландыру мәселесі қаралуда. Жобаның жалпы құны 5,5 млрд теңгені құрайды.












