Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қызметінен кете ме?
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «Әділет» партиясы ұсынған үмікерлердің тізіміне енді.
Оның бұл тізімнен табылуы қоғамда түрлі сауал тудырып отыр. Жұлдыз Сүлейменова депутат болып кете ме? Олай болса, жаңа министр кім болады? Білім саласының тізгінін ұстағандар жыл сайын ауыса бере ме? Министрдің тұрақтамауы бұл саланы тұралатып кеткен жоқ па? Тағысын тағылар.
Екі себеп
Ал саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиеваның пікірінше, Жұлдыз Сүлейменованың тізімнен табылуы орынтақ иесі ауысады деген сөз емес. Мұның екі түрлі себебі бар. Бірі – сайлау алдында партияны нығайту, екіншісі, ақпараттық шабуылға ұшырып жатқан министрдің салмағын арттыру.
«Қазіргі уақытта оған көп сын айтылып жатыр. Оның үстінен шағымдар да түсті. Менің ойымша, Жұлдыз Сүлейменованы «Әділет» партиясын нығайту үшін партиялық тізімге енгізіп отыр. Сайлаушылардың алдында оның салмағын арттыру үшін де жасалып жатыр», – дейді Толғанай Үмбетәлиева.
Орынтаққа талас
Саясаттанушының пікірінше, сайлау өтіп, партия кімнің парламентке кіретінін айқындайтын кезде, Жұлдыз Сүлейменова тізімге ілікпей қалуы да ғажап емес. Парламент сайлауынан кейін жаңа үкімет құрылады. Сол кезде қайтадан өзінің министрлік қызметінде қала береді.
Жұлдыз Сүлейменованың көп адамдарға ұнамауының да жасырын сыры бар көрінеді.
«Қазір жағымсыз жайттың әсерін басу керек болып тұрғандай. Турасын айтқанда, ол кісінің жасап жатқан реформалары ұнап жатыр. Ол кісі бәрін өзгертіп жатыр. Талаптар да күшейген шығар. Бұл орында бұрын отырғандар бірдеңе ұйымдастырып жатқан болар. Оның кеткенін қалайтын министр болудан үміткерлер де табылуы мүмкін», – дейді саясаттанушы.
Саладағы өзгерістер
Жұлдыз Сүлейменова білім саласында бірқатар өзгерістер жасап жатыр. Аз-кем тоқтала кетсек, бастауыш сынып оқушылары үшін жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) орнына формативті бағалау енгізілмек.
Жаңа оқу жылынан бастап 7-сыныпқа дейінгі оқушыларға енді сабақ уақытында смартфон қолдануға тыйым салынады. Барлық пән бойынша оқулықтар қайта жазылып, жаңармақ. Биыл 30 тамызға дейін үшінші және тоғызыншы сыныптардың оқулықтары қайта басылып шығуға тиіс. Сондай-ақ Аида Балаева оқулықтардан 700-ге жуық қате тапқанын мәлімдеген еді.
Айта кететін жайт, Жұлдыз Сүлейменованың Оқу-ағарту министрі лауазымына тағайындалғанына әлі жыл толған жоқ. 2025 жылдың кыркүйегінде ғана осы орынтаққа жайғасқан болатын.
Десе де, депутаттық мәнсап Жұлдыз Сүлейменова үшін таңсық емес. Аманат партиясынан Мәжілістің VII және VIII шақырылымдарында «халық қалаулысы» атанып үлгерген.
Фото: Аскар Ахметуллин, бильд-редактор: Адэлина Мамедова












