Халық театрын көркейткен
Ұмытпасам, екеуміз осыдан бес жыл бұрын таныстық. Қазалының орталығы Әйтеке би кентінде дүбірлі шара өтіп жатқан. Даңқты қолбасшы Жалаңтөс баһадүрдің 445 жылдығы еді. Мұндай ауқымды мерейтой республика көлемін қамтитыны белгілі. Ас беріліп, бәйге шаптырған жұрт енді батыр ескерткішінің ашылуына жиылды. Бақытбекті осында кездестірдік. Дала сахнасының маңында жүрді.
Ол сондағы жергілікті халық театрының режиссері екен. Ескерткіш маңында қонақтарға арналған сахналық қойылым артистерінің әр сөзін тағы бір пысықтап әлек. Жұқалтаң келген жігіттің әр қимылынан өз ісіне берілгенін байқайсың. Әйтпесе, күздің қара суығында жұқа костюмін серпе тастап, драмадағы әр кейіпкердің айтар сөзін қайта-қайта тексермес еді. Бақытбектің әсіресе, Жалаңтөс баһадүрдің сахналық сөзіне, қимылына жіті шұқшиғаны да осы кез…
– Сахнаға келуім, жалпы өнерге қызығуым мектеп кезінде басталған, – деген кейінгі бір жаймашуақ әңгімеде. – Аудандағы мектепаралық «Жайдарман» ойындарына қатыстық. Бірнеше мәрте жеңімпаз атандық. Сол уақыттан бері Қазалының әр шарасында белсенді болуға тырыстым. Концерттерді жүргізу, аудандағы шағын қойылымдарда ойнауды оқушы кезден бастадық. Кейін Қызылордада жоғары білім, осы сала бойынша мамандық алдым, яғни «Мәдени-тынығу жұмысы». Алғашқы қызметім де өз ауылым Ғани Мұратбаев елді мекеніндегі мәдениет үйінде басталды. Сонда көркемдік жетекші бола жүріп, ел ішіндегі өнерге ынталы жастарды баулуға кірістім. Бір айтарым, мені өнерге әкеліп, өзінше соқпақпен тәрбиелеген, Қазалы халық театрының режиссері, марқұм Насыр Баекеев болатын. Азды-көпті жетістікке жеткенім де – сол ұстазымның еңбегі.
Бақытбектің жетістігі көп. Өзі айтпағанымен, ол жайлы дерек табу бізге оңай болды. Әрине, әріптестерін сөйлетсек, Бақытбексіз Қазалыда өткен мәдени шара өте аз.
– Жас күнінен аудандағы «Жігіт сұлтаны», «Жігіт төресі» байқауларынан бөлек, облыста өткен «Сыр серілері» телевизиялық реалити-шоуында «Сері жігіт» номинациясын жеңіп алғанын білемін. Ал монолог оқығанда, өзінше бір әлем. Бақытбектің ең бір ашылған қыры – сахналық қойылымдар. Ол халық театрына жетекшілік еткелі дайындаған қай пьесасы болсын, қазалылықтарды риза етуден танған емес. Әрі оның артистері ешқандай арнайы оқуы жоқ, жергілікті өнерпаздар. Бәрі әр ауылдың клубында қызмет істейтін қыз-жігіттер. Домбырашы немесе баянист, тіпті клубтың техникалық қызметкеріне дейін жетектеп, кімге қандай рөл тиесілі, кім қай образды жіті аша алады, соны тез бағдарлап, өз жұмысын керемет алып шығатын, – дейді Бекарыстан би ауылдық мәдениет үйінің әдіскері Шархан Тілеуназаров.
Расымен Қазалыда ел атын танытқан талант көп екенін ескерсек, олардың дені – әр ауылдағы дарындар. Ән мен жыр, би мен күй өнерін дәріптеген аға буынның ізін басқан осындай жандар бүгінде саланы дамытып келеді. Барлығы Бақытбектің жанына жиылып, аудан мерейін өсіретін қандай шара болмасын, абыроймен атқарып жүр.
– Бірнеше мәдениет мекемесінде қызмет еттім. Әсіресе, Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйінің халық театрына жетекшілік еткенімде, көптеген пьесаны хал-қадірімізше сахналадық. Өзім де кейбір басты рөлдерді сомдадым. Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарымда» Ілиясты, «Махаббат бекеті» лирикалық драмасында Оралды, Т.Ахтановтың «Ант» спектаклінде Барақ сұлтанды, Ж.Мұсаевтың «Ар мен азабында» Айдарды, «Құрдым» спекталінде Ерболды, «Мешітке жүрші, бауырым» қойылымында Бағланды, С.Жүнісовтің «Сабалақ-Абылай» спектаклінде Абылайды, Мұстай Кәрімнің «Ай тұтылған түніндегі» диуананы, М.Мақатаевтың «Қош, махаббат» қойылымында Айбарды ойнадым. Осылардың кейбіріне өзім режиссерлік еттім. Бәрі де жақсы, көңілімнен шығады, бірақ сәтті жұмысым – «Арықбалық шайқасы» қойылымы. Туған жерін жауға бермеген батыр бабаны ұлықтауда үлкен абыройлы іс бітіргендей болғаным бар, – деген еді Бақытбек.
Республикалық Ғ.Мұратбаев атындағы жастар сыйлығының иегері, бірнеше дүркін «Үздік мәдениет қызметкері», «Үздік актер», «Үздік режиссер» номинацияларын қанжығаға бөктерген жігіт әлі де осы мәдениет майданында жүр. Аудан орталығындағы мәдениет үйінде көркемдік жетекші қызметінде. Облыс не Астана жаққа алаңдамай, туған жерінің рухани тіршілігін күйттеген ол мәдениетті ұлықтаудан шаршаған жоқ. Еңбегі де елеусіз емес. Аудан әкімдігінен бөлек, облыс басшылығы, салалық басқарма атынан Бақытбекке Құрмет грамотасы беріліп, Алғыс жарияланып жүр.
Иә, ауыл мәдениетін ардақтап жүрген, ең бастысы, өнерді сүйетін осындай кейіпкерлердің саны артса, ел ішіндегі рухани қазына түгесіле қоймас. Қазалының әр түкпіріндегі өнерпазды бір жерге біріктіріп, ерікті түрде елмен тығыз рухани байланыс орнатқан таланттыларға құрметпен қарау керек.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»












