Ұмытпасам, екеуміз осыдан бес жыл бұрын таныстық. Қазалының орталығы Әйтеке би кентінде дүбірлі шара өтіп жатқан. Даңқты қолбасшы Жалаңтөс баһадүрдің 445 жылдығы еді. Мұндай ауқымды мерейтой республика көлемін қамтитыны белгілі. Ас беріліп, бәйге шаптырған жұрт енді батыр ескерткішінің ашылуына жиылды. Бақытбекті осында кездестірдік. Дала сахнасының маңында жүрді.

Ол сондағы жергілікті халық театры­­ның режиссері екен. Ескерткіш ма­ңында қонақтарға арналған сахналық қо­­йылым артистерінің әр сөзін тағы бір пысықтап әлек. Жұқалтаң келген жі­гіттің әр қимылынан өз ісіне беріл­ге­нін байқайсың. Әйтпесе, күздің қара суы­ғында жұқа костюмін серпе тастап, дра­мадағы әр кейіпкердің айтар сөзін қайта-қайта тексермес еді. Бақытбектің әсі­ресе, Жалаңтөс баһадүрдің сах­налық сөзіне, қимылына жіті шұқ­ши­ғаны да осы кез…

– Сахнаға келуім, жалпы өнерге қы­зығуым мектеп кезінде басталған, – деген кейінгі бір жаймашуақ әңгімеде. – Аудандағы мектепаралық «Жайдарман» ойындарына қатыстық. Бірнеше мәрте жеңімпаз атандық. Сол уақыттан бері Қазалының әр шарасында белсенді бо­луға тырыстым. Концерттерді жүргізу, аудандағы шағын қойылымдарда ой­нау­ды оқушы кезден бастадық. Кейін Қызылордада жоғары білім, осы сала бойынша мамандық алдым, яғни «Мә­дени-тынығу жұмысы». Алғаш­қы қыз­метім де өз ауылым Ғани Мұрат­­баев елді мекеніндегі мәдениет үйін­де басталды. Сонда көркемдік же­тек­ші бола жүріп, ел ішіндегі өнерге ын­талы жастарды баулуға кірістім. Бір айтарым, мені өнерге әкеліп, өзінше соқпақпен тәрбиелеген, Қазалы халық театрының режиссері, марқұм Насыр Баекеев болатын. Азды-көпті жетістікке жеткенім де – сол ұстазымның еңбегі.

Бақытбектің же­тістігі көп. Өзі айтпағанымен, ол жайлы дерек табу бізге оңай болды. Әрине, әріптестерін сөйлетсек, Бақытбексіз Қазалыда өткен мәдени шара өте аз.

– Жас күнінен аудандағы «Жігіт сұлтаны», «Жігіт төресі» байқауларынан бөлек, облыста өткен «Сыр серілері» телевизиялық реалити-шоуында «Сері жігіт» номинациясын жеңіп алғанын білемін. Ал монолог оқығанда, өзінше бір әлем. Бақытбектің ең бір ашылған қыры – сахналық қойылымдар. Ол халық театрына жетекшілік еткелі дайындаған қай пьесасы болсын, қазалылықтарды риза етуден танған емес. Әрі оның артистері ешқандай арнайы оқуы жоқ, жергілікті өнерпаздар. Бәрі әр ауылдың клубында қызмет істейтін қыз-жігіттер. Домбырашы немесе баянист, тіпті клуб­тың техникалық қызметкеріне дейін же­тектеп, кімге қандай рөл тиесілі, кім қай образды жіті аша алады, соны тез бағдарлап, өз жұмысын керемет алып шығатын, – дейді Бекарыстан би ауыл­дық мәдениет үйінің әдіскері Шархан Тілеуназаров.

Расымен Қазалыда ел атын танытқан талант көп екенін ескерсек, олардың дені – әр ауылдағы дарындар. Ән мен жыр, би мен күй өнерін дәріптеген аға буынның ізін басқан осындай жандар бүгінде саланы дамытып келеді. Барлығы Бақытбектің жанына жиылып, аудан мерейін өсіретін қандай шара болмасын, абыроймен атқарып жүр.

– Бірнеше мәдениет мекемесінде қыз­мет еттім. Әсіресе, Жанқожа ба­тыр ауылдық мәдениет үйінің ха­лық театрына жетекшілік еткенімде, көп­теген пьесаны хал-қадірімізше сахна­ладық. Өзім де кейбір басты рөлдерді сомдадым.  Шыңғыс Айтматовтың  «Қы­зыл орамалды шынарымда» Ілияс­ты, «Махаббат бекеті» лирикалық дра­масында Оралды, Т.Ахтановтың «Ант» спектаклінде Барақ сұлтанды, Ж.Мұсаевтың «Ар мен азабында» Айдарды, «Құрдым» спекталінде Ерболды, «Мешітке жүрші, бауырым» қо­йылымында Бағланды, С.Жүнісовтің «Сабалақ-Абылай» спектаклінде Абы­лайды, Мұстай Кәрімнің «Ай тұтылған түніндегі» диуананы, М.Мақатаевтың «Қош, махаббат» қойылымында Ай­барды ойнадым. Осы­лардың кей­бі­­ріне өзім режис­серлік еттім. Бәрі де жақсы, көңілімнен шы­­ғады, бірақ сәтті жұмысым – «Арық­балық шай­қа­сы» қо­йылымы. Ту­ған жерін жауға бер­ме­ген батыр ба­ба­ны ұлықтауда үл­кен абыройлы іс бі­тір­­гендей болғаным бар, – деген еді Бақытбек.

Республикалық Ғ.Мұратбаев атын­дағы жастар сыйлығының иегері, бірнеше дүркін «Үздік мәдениет қызметкері», «Үздік актер», «Үздік режиссер» номинацияларын қанжығаға бөктерген жігіт әлі де осы мәдениет майданында жүр. Аудан орталығындағы мәдениет үйінде көркемдік жетекші қызметінде. Облыс не Астана жаққа алаңдамай, туған жерінің рухани тіршілігін күйттеген ол мәдениетті ұлықтаудан шаршаған жоқ. Еңбегі де елеусіз емес. Аудан әкімдігінен бөлек, облыс басшылығы, салалық басқарма атынан Бақытбекке Құрмет грамотасы беріліп, Алғыс жарияланып жүр.

Иә, ауыл мәдениетін ардақтап жүрген, ең бастысы, өнерді сүйетін осындай кейіпкерлердің саны артса, ел ішіндегі рухани қазына түгесіле қоймас. Қазалының әр түкпіріндегі өнерпазды бір жерге біріктіріп, ерікті түрде елмен тығыз рухани байланыс орнатқан таланттыларға құрметпен қарау керек.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *