«Сәбит Мұқанов сатқын». Бұл айыптың астарында не жатыр?

«Сәбит Мұқанов – Алаш арыстарын құртқан адам. Мағжаннан кек алған. Сәкенді сатқан». Қазақ қоғамында арагідік осындай ауыр айыптаулар айтылып жатады. Әсіресе, әлеуметтік желілерде бұл пікірлер ешқандай дәлелсіз таралып жүргені белгілі. Бірақ бұл сөздердің қаншалықты тарихи негізі бар? Әлде уақыт өте келе бұрмаланған оқиғалардың жемісі ме? Анық-қанығын С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей кешенінің ғылыми жетекшісі Әділғазы Қайырбековтен сұрап білдік.

Аталған сауалға жауап іздегенде ең алдымен Сәбит Мұқановтың өз қаламынан туған «Өмір мектебі» атты үш томдық мемуарлық еңбегіне назар аудару қажет. Өйткені бүгінгі даулы пікірлердің басым бөлігі дәл осы кітаптағы оқиғаларды жаңсақ түсіндіруден немесе өңін айналдырып жеткізуден туған. Мәселен, Сәбит Мұқанов 1918 жылдың күзінде Омбыдағы мұғалімдер даярлайтын курсқа оқуға түсіп, сонда бір жыл білім алады. Сол уақытта ол Мағжан Жұмабаевтан дәріс тыңдап, белгілі ақынның әкесі Бекеннің үйінде тұрады. Жетімдік көріп өскен жас Сәбит оқуына ақы ретінде үй шаруасына көмектесіп, аттарын бағып жүреді.

— Кейін сәйгүліктің бірі аяғын сындырып алып, осы оқиғадан кейін Мағжанның әкесі ашуланып, Сәбитті жазалап, үйден қуып жібереді. Осы қарапайым оқиға арада жылдар өткенде мүлде басқа сипатқа ие болды. Кейбір зерттеушілер ешқандай құжаттық дәлел келтірместен, «Сәбит сол қорлықты өмір бойы ұмытпай, кейін Мағжаннан кек алды» деген тұжырым айта бастады. Алайда, мұны растайтын бірде-бір тарихи құжат немесе архивтік дерек жоқ. Бұл мәселе 2000 жылы ЮНЕСКО аясында өткен Сәбит Мұқановтың 100 жылдық халықаралық конференциясында да көтерілген. Белгілі профессор Тұрсынбек Кәкішев сол жиында бұрынғы КГБ полковнигіне көпшілік алдында маңызды сауал қояды: «Егер Сәбит Мұқанов шынымен Алаш арыстарын қудалауға қатысқан болса, КГБ архивінде соны дәлелдейтін бір жапырақ құжат бар ма?» Архивпен жұмыс істеген маманның жауабы қысқа да нақты болды. Ол мұндай дерек жоқтығын, яғни Сәбиттің Мағжанды, Ахмет Байтұрсынұлын, Міржақып Дулатұлын немесе Сәкен Сейфуллинді әдейі қаралағанын дәлелдейтін ресми құжат табылмағанын жеткізген, — дейді С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей кешенінің ғылыми жетекшісі Әділғазы Қайырбеков.

Ал дау қайдан шықты? Бұл сұраққа белгілі жазушы Ғалым Ахмедовтың естелігі жауап береді. Ол Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойына өзі қатысқанын айтады. Оның айтуынша, жиын өте байыпты, ешқандай дау-дамайсыз өткен. Бірақ кейін Сәбит Мұқанов «Өмір мектебінде» сол жиында өздері Ахаңға қарсы шығып, айқайлап, тіпті шіріген жеміс лақтырғанын жазады.

— Ғалым Ахмедов бұл туралы кейін Сәбиттің өзінен сұрағанда, жазушы күліп: «Кейде заманның, саясаттың ыңғайына қарай шындықты өзгертіп айтуға тура келеді» деген мазмұнда жауап берген екен. Демек, мұнда тарихи шындық пен әдеби мемуардың ара-жігін ажырата білу маңызды. Кеңестік дәуірде көптеген қаламгер шығармаларын сол кезеңнің идеологиялық талабына бейімдеп жазуға мәжбүр болды. Сондықтан Сәбит Мұқановқа бүгінгі өлшеммен «сатқын», «Алаштың қас жауы» деген үкім шығару – эмоцияға сүйенген негізсіз тұжырым. Тарих жеке пікірге емес, нақты дерекке сүйенуі тиіс, — дейді Әділғазы Қайырбеков.

Бейбіт НҰРМҰХАНОВ,
Алматы қаласы

Фото: Ашық дереккөз

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *