Сырдария ауданында негізге капиталға тартылған инвестиция көлемі 42,5 млрд теңгеге жетті
Сырдария ауданында 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері оң нәтижелерге қол жеткізді. Аудан экономикасының негізгі салаларында өсім сақталып, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында аудан әкімі Берік Сәрменбаев айтты.
Экономика мен өндірістегі серпін
Жыл басында аудан бюджеті 10 млрд теңге көлемінде бекітілсе, шілде айындағы нақтылаудан кейін оның көлемі 13 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Оның ішінде жергілікті кірістер 6,1 млрд теңгені, трансферттер 3 млрд теңгені, бюджеттік кредиттер 3,9 млрд теңгені құрады.
Өнеркәсіп саласында айтарлықтай өсім байқалады. 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін аудан кәсіпорындары 55,8 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш төрт есеге артты. Ал өңдеу өнеркәсібінің көлемі 6,3 млрд теңгеге жетіп, 32,2 пайыз өсім көрсетті.
Кәсіпкерлікке қолдау күшейді
Ауданда шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше назар аударылып келеді. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 42,5 млрд теңгені құрап, 3 пайызға өсті. Бөлшек сауда айналымы 1,7 млрд теңгеге жетті.
Бүгінде ауданда 2354 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 2314-і тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұл тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің 98,3 пайызын құрайды.
Жыл басынан бері мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 1,7 млрд. теңгені құрайтын 70 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы құны 13,5 млн. теңгенің 1 жобасы , «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 367,4 млн. теңгенің 48 жобасы қаржыландырылды,- деді аудан әкімі.
Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялық қызметі
Агроөнеркәсіп кешені – басты басымдық
Сырдария ауданы экономикасының негізгі тірегі – ауыл шаруашылығы. Биыл аудан бойынша 32 473 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде күріш алқабы 18 541 гектарды құрады.
Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында лазерлік жер тегістеу жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Биыл 4000 гектар жер лазерлік әдіспен тегістеліп, аудан бойынша тегістелген алқаптардың үлесі 80 пайыздан асты.

Фото: Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Ауыл шаруашылығын әртараптандыру бағытында маңызды жобалардың бірі – құны 40 млрд теңге болатын жүгеріні терең өңдеу зауытының құрылысы. Жоба толық іске қосылған кезде 500 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Биыл зауыттың алғашқы кезеңі аяқталып, өнім қабылдау қоймасы мен кептіру кешені пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар, су тапшылығын азайту мақсатында ұзындығы 95 шақырым болатын жеті каналдың арнасын бетондау жобалары әзірленуде.
Мал шаруашылығында өсім бар
Жылдың алғашқы жартыжылдығында мал басының саны артты. Мүйізді ірі қара 40 239 басқа жетіп, 1,1 пайызға көбейді. Жылқы саны 28 032 басқа жетсе, қой-ешкі саны 29 025 басқа дейін өсті.
Өнім өндіру көлемі де ұлғайды. Ет өндірісі 1925 тоннаны құрап, 2,3 пайызға артса, сүт өндірісі 1744 тоннаға жетіп, 1,4 пайыз өсім көрсетті.
Құрылыс пен инфрақұрылым қарқынды дамуда
Ауданда құрылыс саласында да оң динамика қалыптасқан. Алты ай ішінде жалпы көлемі 10,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Құрылыс жұмыстарының көлемі 15,1 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 11,9 пайызға артты.
Осал топтарға арналған 100 пәтер сатып алу үшін 1,5 млрд теңге бөлініп, тұрғын үйлер жыл соңына дейін кезекте тұрған азаматтарға табысталады.

Фото: Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында биыл 740,2 млн теңгеге төрт жоба жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде аудандық маңыздағы жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 99 пайызға жетті.
Сондай-ақ, Тереңөзек кентіндегі көпір күрделі жөндеуден өтуде және жаңа теміржол вокзалының құрылысы жүргізілуде.
Газдандыру және коммуналдық жүйелер жаңаруда
Сырдария ауданы халқы бүгінде 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылған. Бірқатар ауылдардың су жүйелеріне күрделі жөндеу жүргізіліп, биыл тағы алты елді мекенде жаңғырту жұмыстары жоспарланған.
Газдандыру жұмыстары да кезең-кезеңімен іске асуда. Ақжарма ауылын газдандыру толық аяқталып, қабылдау рәсімдері жүргізілуде. Сонымен бірге Шіркейлі, Қоғалыкөл және Бесарық ауылдарын газдандыру жобалары басталады. Жоспарланған жұмыстар аяқталған соң ауданның газбен қамтылу деңгейі 80 пайыздан асады.
Биыл газдандыру жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттен 5,1 млрд. теңге бөлінуде. Құны 1,8 млрд. теңгені құрайтын Ақжарма елді мекенін газдандыру жұмыстары 100 пайыз атқарылып, қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Жақын күндері ауыл халқы табиғи газдың игілігін көретін болады,- деді аудан әкімі.

Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялық қызметі
Білім мен денсаулық сақтау саласындағы жетістіктер
Ауданда апатты немесе үш ауысымды мектептер жоқ. 2025–2026 оқу жылында мектепті 585 түлек аяқтап, олардың 494-і ҰБТ тапсырды. Орташа балл 85,6 болды. 89 оқушы 100 балдан жоғары нәтиже көрсетсе, 53 түлек «Алтын белгі» иегері атанды.
Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі 100 пайызға жетті. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мақсатында «Жалын» лагері жұмыс істеп, жүздеген оқушының демалуына мүмкіндік жасалды.

Фото: Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Денсаулық сақтау саласында аудандық ауруханаға компьютерлік томография аппараты, цифрлы маммограф және заманауи диагностикалық құрал-жабдықтар алынды. Сонымен қатар, балаларға арналған «Даму және ерте араласу орталығы» ашылып, медициналық қызмет сапасы жақсартылды.
Мәдениет, спорт және жастар саясаты
Мәдениет мекемелерінде 140 үйірме жұмыс істеп, оған 1699 өнерпаз қатысуда. Жыл басынан бері 775 мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылды.

Фото: Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Спорт саласында тұрғындардың тұрақты түрде спортпен шұғылдану үлесі 44,4 пайызға жетті. Аудан спортшылары халықаралық, республикалық және облыстық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, жүздеген медаль жеңіп алды.

Фото: Нұрболат Нұржаубай
Ауданда 11 650 жас тұрады. Биыл «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 110 жас уақытша жұмыспен қамтылып, экологиялық акцияларға белсенді қатысты.
Өңірлік жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша бірінші жартыжылдықта 1159 жұмыс орны ашылды. Негізгі жоспар – 2166 жұмыс орны, ол 53,5 пайыз орындалды. Оның ішінде, Ұлттық жобалар аясында 9 жоба бекітіліп, бүгінде 93 жаңа жұмыс орны ашылды. Ауданда жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрады, — деді аудан әкімі.

Фото: Ашық дереккөз
Сырдария ауданында 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында экономиканың негізгі салаларында тұрақты өсім қамтамасыз етілді. Өнеркәсіп, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, құрылыс және әлеуметтік саладағы ауқымды жобалар ауданның даму қарқынын арттыруға ықпал етуде. Алдағы уақытта да Мемлекет басшысының тапсырмалары мен өңір басшылығының қолдауына сүйене отырып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған жұмыстар жалғасын табады.













