Ертең Атырау мен Ұлытау облыстарында жаңа әкім тағайындалады
Ертең, 17 шілдеде Атырау және Ұлытау облыстары мәслихаттарының депутаттары кезектен тыс отырыста жаңа әкімдерді сайлайды. Бұл туралы өңірлік мәслихаттардың ресми сайттарында жарияланды.
Атырау облысы мәслихаты депутаттарының жиналысы сағат 09:30-да Атырау қаласындағы Әбілқайыр хан даңғылы, 58-мекенжайында орналасқан Абай атындағы Оқушылар орталығының ғимаратында өтеді. Депутаттарды тіркеу сағат 08:00-де басталады.
Ал Ұлытау облысының жаңа әкімін сайлау сағат 11:00-де Жезқазған қаласындағы Алашахан көшесі, 22-мекенжайында өтеді. Депутаттарды тіркеу сағат 10:00-де басталады.
Қазіргі әкімдер туралы не белгілі
Қазір Атырау облысының әкімі қызметін Серік Шәпкенов атқарады. Ол бұл лауазымға 2022 жылғы 7 сәуірде тағайындалған. Бұған дейін Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметтерін атқарған. Ал 2021–2022 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болды.
Ұлытау облысын қазір Дастан Рыспеков басқарады. Ол облыс әкімі қызметіне 2024 жылғы қазанда тағайындалған. Бұған дейін Ұлытау облысы әкімінің орынбасары және ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметтерін атқарған.
Фото: kursiv.media архиві












