Сыр елі: Жәдігері мол Жаңақорған музейі
Қызылорда облысындағы Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейі 1992 жылы құрылды. Алғашқы көрмесі Мәдениет үйінің екінші қабатында ашылған, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Ал 2005 жылы 30 маусымнан бастап 1905 жылғы қыш мектеп ғимаратында орналасып, халыққа мәдени қызмет көрсетті.
Былтырдан бері Руханият орталығына көшкен аудандық музейде тарихи зал мен музей қоры жасақталды.

Музей қорында қазіргі уақытта 12 512 экспонат жинақталған. Музей залында 2000-ға жуық экспонат қойылған, оның ішінде құнды жәдігерлер қатарында қола дәуірімен мерзімделетін петроглиф; Сығанақ керамикасы, теңгелері, Сығанақтан табылған қақпақ, Хорасан ата кесенесінде сақталған лауха, күміс шай сервизі, киіз үй жабдығымен, Ер және бойжеткеннің ұлттық киімдері, т.б. жәдігерлер қойылған.

«Биылғы жылға арнайы жоспар бекітіліп, музей қызметкерлері жүйелі жұмыс істеуде. Осы жылы 20 қаңтарда Қызылорда қаласында Ұлттық Құрылтайдың V отырысы болып өтті. Ел Президентінің Қызылорда облыстық музей ісіне қатысты айтқан пікірі музей мамандарына зор жауапкершілік пен тың серпін берді. Ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға маңызды қадамдар жасалатыны айтылды. Сондай-ақ, биыл сала мамандары Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 35 жыл, «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында жұмыстар жүргізу, музей маркетингі мен менеджментін дамытудағы тиімді жолдарын ұйымдастыруды көздеп отыр. Жыл басынан бері Руханият орталығындағы Жаңақорған ауданының тарихы залында музей экспозицияларына толықтырулар, тақырыптық-құрылымдық жаңартулар енгізілуде. Жылдық жоспарға сай музей қорына құнды экспонаттар жинақтау, есепке алу, сақтау, насихаттау қызметтері жүйелі орындалуда», дейді музейдің ғылыми қызметкер Мөлдір Дюсенбаева.

Фото: Жаңақорған аудандық музейі












