Жылдағы жатақхана тапшылығы биыл да қайталана ма?
Соңғы жылдары Қазақстанда студенттерге арналған 250-ден астам жатақхана салынды. Соның нәтижесінде жатақхана тапшылығы 6 есеге қысқарды. Қазір еліміздегі студенттердің 85%-ы жатақханамен қамтылған.
Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов мәлімдеді.
Оның айтуынша, жастардың білімге деген қызығушылығы мен сұранысы да өзгеріп келеді. Атап айтқанда, жүргізілген сауалнама нәтижесіне сәйкес, жастардың шамамен 63%-ы жасанды интеллект технологияларын меңгеруді маңызды деп санайды.
Осыған байланысты елімізде цифрлық білім беру бағдарламаларын дамытуға басымдық беріліп отыр. Сонымен қатар Alem AI халықаралық жасанды интеллект орталығын құру жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан бөлек, «Болашақ» бағдарламасы аясында IT, инженерия, медицина және жаратылыстану ғылымдары бойынша басым бағыттардың саны артып келеді.
Мұндай бастамалар жастардың заманауи технологияларды меңгеруіне, сұранысқа ие мамандықтарды игеруіне және еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Фото: Ашық дереккөз












