Геннадий Головкин тағы бір халықаралық қызметке тағайындалуы мүмкін
Геннадий Головкин ISSA вице-президенттігіне үміткерлер тізіміне енді,- деп хабарлайды FASTNEWS.KZ — ақпараттық сайты.
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Азия және Еуропа өңірлері бойынша Ислам ынтымақтастығы спорт қауымдастығының (ISSA) вице-президенті лауазымына үміткерлердің ресми тізіміне енгізілді.
Головкиннің кандидатурасы біліктілік пен этикалық талаптарға сәйкестігі бойынша қажетті тексеруден өткен.
ISSA вице-президентін сайлау 12 қыркүйекте Сауд Арабиясының Таиф қаласында өтетін қауымдастықтың 15-ші Бас ассамблеясы аясында ұйымдастырылады.
ISSA құрамына Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің Ұлттық Олимпиадалық комитеттері кіреді. Қауымдастықтың негізгі халықаралық спорттық жобаларының бірі – Ислам ынтымақтастығы ойындары.
Қазақстан атынан халықаралық спорт ұйымындағы жоғары лауазымға кандидат ретінде Геннадий Головкиннің ресми тіркелуі еліміздің спорт саласының халықаралық деңгейдегі ықпалын арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.

Фото: Ашық дереккөз












