Сыр елінде 17700 бала бірінші сыныпқа барды
Жаңа оқу жылы басталды. Өткен жыл да өзіндік ерекшелігімен есте қалды. Оның көрінісі – Қызылордада орташа білім көрсеткіші кейінгі үш жыл қатарынан республика бойынша көш басында. Биыл облыста 17700 бала бірінші сыныпқа қабылданды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен республикалық Тамыз конференциясында бірқатар өңірдің білім көрсеткішіне бөлек назар аударып, салаға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалғанын атап өткен болатын. Осы қатарда Қызылорда облысы да бар.
Айталық, өткен 2025-2026 оқу жылының қорытындысымен, мектеп бітіруші 10340 түлектің 10 140-ы немесе 99,55 пайызы ҰБТ-ға қатысып, орташа балл 74,90-ды көрсетті. Оның ішінде 967 түлек «Алтын белгі», 1124 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды. Жалпы бітіруші түлектердің 16 пайызы 100 және одан жоғары балл жинаған. Осы орайда облыстың екі түлегі 140 балл иеленіп, білімнің биік шыңынан көрінгенін де атап өткеніміз жөн. Бұдан бөлек, аймақтың білім саласы олимпиадалық командалар арасында республикалық үздік үштік құрамында.
Білім – қашан да әлеуметтік маңызы зор саланың бірі. Сондықтан мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп, жыл сайын жүйелі бағдарламалар жасалып, жаңа міндеттер жүктеледі. Осыған сәйкес облыс әкімдігі бұл салаға нақты қолдау көрсетіп келеді. Оның айқын көрінісі, 2022-2023 оқу жылынан бері қарай өңірдің білім саласының инфрақұрылымы қарқынды дамып, 40-тан астам білім беру, қосымша білім беру мекемелері жаңадан бой көтерген.
Дәлірек айтсақ, бүгінде заманауи жабдықталған мектептер, балабақшалар, Оқушылар сарайлары, Өнер мектептері, «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық, «Ai-kerim» оқу-сауықтыру орталықтары қызмет көрсетеді. Жалпы 60-тан астам қосымша білім беру ұйымдарында 70 мыңға жуық бала қамтылған. Сондай-ақ биыл қаладан шалғай орналасқан Әл Фараби шағын ауданында 360 орындық шығармашылық орталығының құрылысы бастау алмақ.
Алдағы оқу жылына байланысты да атқаратын міндеттер ауқымды. Атап айтқанда, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру, оқушылардың білім сапасын көтеру, сондай-ақ, халықаралық деңгейдегі жетістіктерін көбейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Сонымен бірге, Президент айқындаған жаңа міндеттерге сәйкес білім сапасын арттыруда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, тәрбиелік жұмысты күшейту және адами капиталды дамыту мәселелері алдағы кезеңнің негізгі басымдығы ретінде белгіленіп отыр.
Кешегі өткен Тамыз кеңесінде облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Президент белгілеген басымдықтарға сәйкес «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, кітап оқу мәдениетін дамыту, ғылым мен инновацияға қызығушылықты арттыру бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударылатынын атап өтті. Сондай-ақ білім сапасын арттыру, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, жаңа мектептер салу, педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасау мәселелері үнемі басты назарда болатынын айтты.
Фото: Н.Нұржаубай












