Обыр дерті дендеді, ал дәрі тапшы
Әлемде дәрі-дәрмек тапшылығы күшейіп келеді. Әсіресе қатерлі ісікке қарсы препараттардың жетіспеушілігі алаңдатып отыр. АҚШ-тағы онкологиялық орталықтардың 20 пайыздан астамы кемінде бес түрлі дәрі тапшылығы бар екенін мәлімдеген.
Соған қарамастан, фармацевтика нарығы өсіп келеді. Statista дерегінше, 2025 жылы обырды емдеуге арналған дәрілер нарығының көлемі 217 млрд долларға бағаланған. Ал Қытайдың дәрі-дәрмек экспорты 120 млрд долларға жетіп, бір жыл ішінде 36 пайызға артқан.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде жыл сайын шамамен 2,5 млн өкпе обыры, 2,3 млн сүт безі обыры және 1,9 млн тоқ ішек обыры жағдайы тіркеледі. Болжам бойынша, ғасыр ортасына қарай онкологиялық науқастардың саны 35 млн-ға жетуі мүмкін.
Дәрі тапшылығының негізгі себептерінің бірі – арзан препараттарды өндірудің экономикалық тұрғыдан тиімсіздігі және шикізат жеткізіліміне тәуелділік. Фармацевтика өндірісіне қажетті химиялық компоненттердің 70–80 пайызы Қытай мен Үндістанға тиесілі.
Осылайша, бір жағынан, дәрі-дәрмек нарығы қарқынды өсіп жатса, екінші жағынан, өмірлік маңызы бар кейбір препараттардың тапшылығы сақталып отыр. Ауру санының артуы мен жеткізу тізбегіндегі тәуекелдер бұл мәселені алдағы жылдары одан әрі өзекті етуі мүмкін.

Коллаж: Ашық дереккөз












